Қытай құрамасының капитаны: Біз қазақстандықтардан көп нәрсе үйрендік
ХАРБИН.KAZINFORM – Хоккейден Қытай ерлер құрамасының капитаны Чжан Цзяци Kazinform тілшісіне эксклюзвті сұхбат беріп, хоккейден Қазақстан құрамасының деңгейін жоғары бағалады.

Қытайлық спортшы ең әуелі жарыс туралы ойымен бөлісті.
– Жарыс өз алаңымызда өтіп жатқандықтан, бар күшімізді салып, өзімізді сынап көргіміз келді. Қазақстан құрамасының деңгейі бізден жоғары болғанына қарамастан, біз үміт үзбей, сынаққа бетпе-бет келдік, - деді Чжан Цзяци.
Қытай құрамасының капитаны жарыс нәтижесі көңілдерінен шығатынын айтты.

– Нәтиже қанағаттандырарлық. Біз қорғаныста жақсы ойнадық. Бірінші кезеңде қарсыластарға мүмкіндік берген жоқпыз. Тіпті үшінші кезеңде бір шайба соғып кеттік. Қазақстанмен ойын қиын болатынын білдік. Алайда, біз олардан тәжірибе алуға тырыстық, - дейді ол.
Сонымен қатар, Чжан Цзяци Қазақстан құрамасынан көп нәрсе үйренгенін айта кетті.
– Қазақстан құрамасы әрқашан мықты болды. Біз де олардан көп нәрсе үйрендік. Олардың пас беруі және алаңдағы қозғалысы өте жылдам. Әсіресе олар пасты қақпаның артынан біздің қорғаныс аймағымызға дәл жеткізе алады. Бұл өте керемет, - дейді Қытай хоккей құрамасының капитаны.
Айта кетейік, Қазақстан ерлер хоккей құрамасы бүгін қысқы Азия ойындарының жартылай финалында Қытайды 3:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.
Топтық кезеңдегі кездесуде, Қазақстан құрамасы қытайлықтарға 6 шайба соққан болатын.
Сондай-ақ, Харбин қаласының тұрғыны Ван Руи Kazinfrom тілшісіне қазақстандық хоккейшілердің деңгейі Азия елдері арасында жоғары екенін айтқан болатын.