Қытай МАГАТЭ-ні «Фукусима» АЭС-нен ағатын суды бақылауға шақырды
Қытай МАГАТЭ-ні «Фукусима» атом электр станциясынан мұхитқа ағызылатын ластанған суды әділ бақылауға алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытай Сыртқы істер министрінің орынбасары Ма Чжаосюй 21 қыркүйекте Нью-Йорктегі МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гроссимен кездесуінде Бейжіңнің ұстанымын баяндады.
Қытай өкілі әлемдік қауымдастықтың, соның ішінде Қытайдың алаңдаушылығына жауап ретінде нақты қадамдар жасалу керектігін айтты. Ма Чжаосюй Жапонияның әрекетін сынап, Токионың көрші елдер мен өз халқының наразылықтарын елемей, суды ағызу жоспарын ілгерілетіп жатқанын атап өтті.
Рафаэль Гросси өз кезегінде Қытайдың алаңдаушылығын және ұстанымын құрметтейтінін айтты. Оның айтуынша, МАГАТЭ бұл мәселеде объективті және бейтарап ұстанымын сақтайды. Ол Бейжіңмен тығыз диалог сақталатынына сендірді.
Қытай билігі «Фукусима» АЭС суын ағызу жапон билігі жоспарының қауіпсіздігін растайтын ғылыми дәлелдерге негізделмеген деп санайды.
Бұған дейін Жапонияның «Фукусима-1» Атом-электр станциясындағы апаттан 12 жыл өткеннен кейін Токио билігі ядролық реакторларды суыту үшін пайдаланылған радиоактивті суды Тынық мұхитына төге бастағанын хабарлаған болатынбыз.