Қытай «Манас» мұрасын қорғау туралы ереже шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Шыңжаң өлкесі «Манастың» материалдық емес мәдени мұрасын қорғау туралы ережесін жариялады, деп хабарлайды қытайлық «Халық газеті».

Қытай «Манас» мұрасын қорғау туралы ереже шығарды
Фото: «Халық газеті»

Аталған құжат осы жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді. Қорғау ережелерінде «Манастың» материалдық емес мәдени мұрасы ресурстарын ұтымды пайдалану, мәдени өнімдерді әзірлеу, мәдени қызмет көрсету» және «әдебиеттің, театрдың, бейнелеу өнерінің, сурет, кино және теледидар мен көркем шығармашылықтың өзге түрлерінің дамуын ынталандыру» қажеттігі нақты көрсетілген.

Сол сияқты ережеде «Манастың» материалдық емес мәдени мұрасына мұрагерлік ететін дарындыларды тәрбиелеуге, қаражат көзіне, мұрагерлік орындарын салуға, «Манас» пен туризмнің интеграциясы дамуына байланысты ережелер шығару қарастырылған. Құжатта алғаш рет «Манастың» материалдық емес мәдени мұрасының таралуы аймағы мен «Манас» эпосы мұрагерлерінің өкілдері нақты анықталған.

Айта кетейік, Шыңжаңның Қызылсу-Қырғыз облысында 300 мыңға тарта этникалық қырғыздар тұрады. Осы жерден ежелгі «Манас» жырын жатқа айтатын атақты жыршы Жүсіп Мамай шыққан. Қырғызстан Жүсіп Мамайға «Қырғыздың ұлттық батыры» атағын беріп, «Ақ Шумкар» орденімен марапаттаған. «Манас» эпосы — қырғыз халқының ең құнды, осы күнге дейін сақталып қалған ұлттық мұрасы. «Манас» әлемдегі ең ұзақ эпостық жыр саналады. Жыр ЮНЕСКО қорғауына алынған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайда тайға таңба басу рәсімі өткені туралы жазғамыз.

Соңғы жаңалықтар