Қытай мектептерінде вирус таралуының алдын алу шаралары күшейтілді

мектеп
Фото: Pixabay

Қытайдың мектеп пен балабақшаларында қыс мезгілінде жедел респираторлық аурулардың (ЖРА) алдын алу және бақылау шаралары күшейтіліп жатыр. Бұл туралы ҚХР білім министрлігінің мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.  

Ведомство ақпаратында елдегі мектеп пен балабақшаларда маусымдық инфекциялық аурулардың алдын алу және күрес саласындағы эпидемиологиялық бақылау және ағартушылық жұмысты күшейту қажеттігі айтылған.

Бастауыш және орта мектептерде, сондай-ақ балабақшаларда таңертең және күндіз балаларды қарап, тексеруді енгізіп, инфекциялық аурулар тарап жатқан жағдайда жұмысты дереу үйлестіру шараларын күшейту қажет.

Құжатта оқушылардың денсаулығына баса назар аударып, онлайннан офлайн оқуға біртіндеп көшу керегі, вакцинация бағдарламалары бойынша жұмысты үйлестіру қажеті атап өтілген.

Бұған дейін ҚХР Денсаулық сақтау мәселелері мемлекеттік комитетінің ресми өкілі Ми Фэннің хабарлауынша, мониторинг кейінгі кездері респираторлық аурулардың көшін тұмау бастап тұрғанын көрсеткен.

Сондай-ақ риновирус, микроплазмалық пневмония, респираторлық-синцитиальдік вирус, аденовирус кең тараған.

Қытайдың аурулардың алдын алу және бақылау орталығының сарапшылары қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде ҚХР тұрғындарына иммундау процедурасына жүгініп, мүмкіндігінше, вакцинация ұсынысына сәйкес екпе алуды ұсынды. 

Қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ақпарат бойынша Қытайдың солтүстігінде тарай бастаған пневмонияның белгісіз түрінің ошақтары туралы қолда бар мәліметтердің бәрін сұрағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар