Қытай мен АҚШ даулы экономикалық мәселелерді реттеу бойынша келісімге келді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай мен Америка Құрама Штаттары өзара мүдделерге қатысты бірқатар сауда-экономикалық мәселелер бойынша базалық келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытай Коммерция министрінің орынбасары және халықаралық сауда келіссөздеріндегі ҚХР өкілі Ли Чэнган Куала-Лумпурда өткен жаңа келіссөздер раундынан кейінгі баспасөз мәслихатында бұл туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, екі күнге созылған талқылаулар барысында тараптар АҚШ-тың Қытайдың теңіз, логистика және кеме жасау салаларына қатысты 301-бөлім аясындағы шараларын, айна баждарын уақытша тоқтату мерзімін ұзарту, фентанилге байланысты баж салығы, есірткіге қарсы ынтымақтастық, сондай-ақ экспорттық бақылау және сауда дамуы сияқты мәселелерді талқылады.
Ли Чэнган соңғы айда Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарда «тұрақсыздық пен толқулар» болғанын атап өтті. Дегенмен, Пекин екі ел басшыларының Женевадағы келіссөздер мен телефон арқылы өткен әңгімелерінде жасалған уағдаластықтарды жүйелі түрде орындап отырғанын айтты.
— Мұндай тұрақсыздық Қытай қалайтындай жағдай емес, — деді ҚХР өкілі.
Оның сөзінше, тараптар «ашық әрі сындарлы» пікір алмасып, өзара құрмет пен тең құқықтық қағидаттарын сақтаған.
Қажетті ішкі рәсімдер аяқталған соң, Қытай мен АҚШ сауда-экономикалық қатынастарды тұрақты әрі сенімді дамыту мақсатында өзара диалогты жалғастыруға ниетті.
Бұған дейін Еуропалық одақтың Қытайдан сирек жер металдарын жеткізуге тәуелділікті азайтуға бағытталған стратегия әзірлеп жатқаны хабарланған еді.