Қытай мен АҚШ порт алымдарын бір жылға тоқтатты

АСТАНА.KAZINFORM — Қытай мен АҚШ билігі осы жылдың басында енгізілген порт алымдарын бір жылға тоқтатты, деп хабарлайды ҚХР Сауда министрлігі.

Қытай мен АҚШ порт алымдарын бір жылға тоқтатты
Фото: Синьхуа

АҚШ Сауда өкілінің кеңсесі 10 қарашадан бастап Қытайдың кеме жасау және онымен байланысты салаларына қатысты Сауда туралы заңның 301-бабы бойынша тергеуді 12 айға тоқтататынын хабарлады.

Қытай Сауда министрлігінің мәліметінше, бұл шешімге қытайлық кемелер үшін порт алымдарынан уақытша босату, сондай-ақ қытайлық жағалау крандары мен басқа да жабдықтарға қосымша тарифтерді тоқтата тұру кіреді.

— Екі тарап Куала-Лумпурдағы сауда-экономикалық консультацияларда қол жеткізілген консенсусты бірлесіп жүзеге асыру үшін бір-біріне қарай маңызды қадам жасады, — деді министрлік өкілі.

Қытай сонымен қатар өзінің жауап шараларын бір жылға тоқтатты және өзара құрмет пен тең консультацияларға негізделген Америка Құрама Штаттарымен диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Біз бұған дейін Қытайдың АҚШ кемелері үшін арнайы порт алымын енгізетінін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар