Қытай мен ЕО электромобильдер саласындағы тарифтік даулар бойынша консультациялар өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай мен Еуропалық Одақ ЕО-ның қытайлық электр көліктерге қатысты жүргізіліп жатқан субсидарлыққа қарсы тергеуіне қатысты «жан-жақты, терең және сындарлы» кеңестер өткізді. Бұл туралы ҚХР Сауда министрлігі таратқан хабарламада айтылған.
Белгілі болғандай, ҚХР Сауда министрі Ван Вэньтао бейсенбі күні Брюссельде Еуропалық комиссия төрағасының атқарушы орынбасары және сауда комиссары Валдис Домбровскиспен кездесіп, қытайлық электр көліктерін субсидиялау мәселесін талқылады.
Кездесу барысында екі тарап келіспеушіліктерді консультациялар арқылы шешуге саяси ерік-жігерін анық білдірді. Тараптар баға міндеттемелері бойынша келіссөздерді ілгерілетуді жалғастыруға және достық диалог пен кеңесу арқылы өзара қолайлы шешімге қол жеткізу үшін күш-жігерін аямауға келісті.
«Еурокомиссия ЕО өнеркәсіптік кәсіпорындарының ресми шағымынсыз субсидарлыққа қарсы тергеуді бастады және қабылданған шешімдер «орынсыз, негізсіз және әділетсіз» болды», - деп мәлімдеді Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі.
Қытай ЕО-ны Қытай, Франция және Еуроодақ басшылары диалог пен кеңесу арқылы экономикалық және сауда қайшылықтарын дұрыс шешу туралы қол жеткізген маңызды консенсусты жүзеге асыруға және Қытаймен ымыраға келу үшін белсенді қадамдар жасауға шақырды.