Қытай миллиардерлер саны бойынша тағы да көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Hurun Global Rich List-тің соңғы нұсқасы бойынша Қытай миллиардерлер елі атағын қайтарып алды. Онда байлардың саны рекордтық көрсеткішке (1110) жетті, деп хабарлайды SCMP.

Қытай миллиардерлер саны бойынша тағы да көш бастады
Фото: SCMP

Ақпаратта «миллиардерлердің көбеюі қор нарығының өсуімен және жасанды интеллекттің дамуымен байланысты» делінген.

Hurun Group ұйымының 5 наурызда жарияланған жылдық есебіне қарағанда, әлемдегі 4020 миллиардердің 1110-ы Қытайдан екені анықталды. Олардың қатары бір жылда 287-ге өскен. Бұл елдің соңғы үш жылдағы шығынын өтеп, 1000 миллиардері бар АҚШ пен 308-і бар Үндістаннан асып түсуге мүмкіндік берді.

Технологияның, әсіресе жасанды интеллектінің дамуы байлықтың көзіне айналды. Қытайдың жаңа миллиардерлері қатарында 3,6 миллиард долларлық таза байлығымен MiniMax компаниясынан Янь Цзюньцзе және 1,2 миллиард доллары бар Knowledge Atlas Technology АҚ-дан (Zhipu) Лю Дебин бар. Бүкіл әлем бойынша ЖИ-мен байланысты компанияларда барлығы 114 миллиардер жұмыс істейді, олардың 46-сы байлардың тізіміне алғаш рет кірді.

Hurun тізіміндегі әлемдегі ең бай адамдардың үштігіне Илон Маск (792 миллиард доллар), Джефф Безос (300 миллиард доллар) және Ларри Пейдж (281 миллиард доллар) кірді. Илон Маск байлығы 700 миллиард доллардан асатын алғашқы адам болды.

Қалалар арасында 146 миллиардері бар Нью-Йорк әлемдік көшбасшы болып қала береді. Одан кейін кезекті Шэньчжэнь (132), Шанхай, Бейжің және Лондон жалғастырады. Әлемдегі миллиардерлердің орташа жасы — 65.

Айта кетейік, Қазақстан әлемдік экономикада үздік 50 елдің қатарына енді.

Forbes 2025 жылғы әлемнің ең бай адамдар тізіміне 7 қазақстандық кәсіпкерді енгізді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум