Қытай мыңнан астам АҚШ кәсіпорнын кедендік тіркеуден шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Бас кеден басқармасы 16 наурыз күні АҚШ-тың 1000-нан астам ет өңдеу кәсіпорнының Қытайға азық-түлік экспорттау бойынша кедендік тіркеуінің күшін жойды. Бұл шара АҚШ ет өнімдерінің Қытайға экспортталуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Lianhe Zaobao басылымы.

Қытай Бас кеден басқармасының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, АҚШ-тың шошқа, сиыр және құс етін өндіретін кәсіпорындарының, соның ішінде Tyson Foods, Smithfield және Cargill сияқты ірі өндірушілердің кедендік тіркеу мәртебесі «жарамсыз» болып өзгерген.
Бұл кәсіпорындар 5 жыл бұрын АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісіміне сәйкес Қытайға ет өнімдерін экспорттауға рұқсат алған болатын. Алайда Қытай билігі шетелдік азық-түлік экспорттаушыларға ел аумағында сауда жасау үшін кедендік тіркеуден өтуді қоса міндеттейді.
Басылымның жазуынша, АҚШ кәсіпорындарына байланысты кедендік тіркеудің шамамен үштен екісінің мерзімі аяқтаған, бұл тиісті компаниялардың Қытай нарығына кіруін шектеуі, сондай-ақ екіжақты саудаға ауыр шығын әкелуі ықтимал.
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайдың Бас кеден басқармасына тиісті кәсіпорындардың тіркеу мерзімін ұзарту туралы бірнеше мәрте сұраныс жіберген, алайда Қытай тарапы жауап бермеген.
Биылғы ақпан айында АҚШ-тың 84 кәсіпорнының Қытайдағы кедендік тіркеуінің мерзімі аяқтаған болатын. Дегенмен бұл кәсіпорындардың өнімдері Қытайға әлі де жеткізіліп жатыр. Бірақ сала сарапшылары бұл ахуалдың қанша уақытқа жалғасатынын дәп басып болжай алмай отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, АҚШ Қытай үшін үшінші ірі ет жеткізуші саналады. Өткен жылы АҚШ Қытайға 590 мың тонна ет өнімін экспорттаған, бұл Қытайдың жалпы ет импортының 9%-ы. АҚШ-тың алдында Бразилия мен Аргентина тұр.
Қытайлық компания робот-бала күтушіні жасап шығаратынын жазған болатынбыз.