Қытай патенттік өтінімдер саны бойынша әлемде көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы әлемде патенттік өтінімдер саны 6%-ға өсіп, рекордтық 3,9 миллионға жетті. Бұл — соңғы он жылдағы ең жоғары өсім қарқыны. Бұл туралы Anadolu агенттігіжазды.

Қытай патенттік өтінімдер саны бойынша әлемде көш бастады
Фото: Kazinform\ЖИ

БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі — Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) 2025 жылға арналған «Зияткерлік меншіктің әлемдік көрсеткіштері» (WIPI) баяндамасын жариялады.

Құжатқа сәйкес, 2025 жылы әлемде берілген патенттік өтінімдер саны 2024 жылмен салыстырғанда 6%-ға артып, тарихи ең жоғары көрсеткішке — 3,9 миллионға жеткен. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғары өсім қарқыны саналады.

Патенттік өтінімдердің жартысына жуығы Қытайдың үлесіне тиесілі. Атап айтқанда, елде 1,9 миллион өтінім берілген. Одан кейін АҚШ (490 мыңға жуық), Жапония (466 мыңнан астам), Оңтүстік Корея (319 мыңнан астам) және Германия (133 мыңға жуық) орналасқан.

Соңғы он жылда Азияның әлемдік патенттік өтінімдер көлеміндегі үлесі 9,3 пайыздық тармаққа өсіп, 71,2%-ға жетті. Ал Қытайдың үлесіне Азия елдері берген барлық өтінімнің шамамен 68,5%-ы тиесілі.

Үндістанда патенттік өтінімдер саны алғаш рет 100 мыңнан асты

Үндістанда патенттік өтінімдер саны алғаш рет жылына 100 мыңнан асып, 2025 жылы 37,5%-ға өсіп, 105 мыңнан астам өтінімді құрады.

Елде патенттік өтінімдердің екі таңбалы өсімі қатарынан жетінші жыл тіркеліп отыр. ДЗМҰ мұны экономиканың кеңеюімен, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестицияның артуымен, сондай-ақ стартаптарға, шағын кәсіпорындарға, университеттер мен жеке тұлғаларға арналған патенттік алымдардың төмендетілуімен байланыстырады.

Патенттік өтінімдер саны бойынша алғашқы 20 елдің қатарында Түркия да екі таңбалы өсім көрсеткен бес мемлекеттің қатарына енді. 2025 жылы бұл елден берілген өтінімдер саны 11,8%-ға артып, шамамен 13 мыңға жетті.

Компьютерлік технологиялар патенттік өтінімдер саны бойынша алдыңғы орында

Патенттік өтінімдерді беру мен олардың жариялануы арасында белгілі бір уақыт аралығы болатындықтан, технологиялық бағыттар бойынша соңғы толық деректер 2024 жылға қатысты.

Осы деректерге сәйкес, жарияланған патенттік өтінімдердің 13,6%-ын құраған компьютерлік технологиялар бірінші орынға шықты.

Сонымен қатар 2024 жылы экологиялық таза технологияларға қатысты патенттік өтінімдер саны 8,8%-ға өсіп, шамамен 613 мыңға жетті.

Жасыл технологиялар саласындағы өтінімдердің 17,4%-ы энергияны сақтау технологияларына тиесілі. Одан кейін интеллектуалды энергетикалық жүйелер, электр желілері мен энергияны тасымалдау технологиялары (15,2%), сондай-ақ ауаның ластануын бақылау технологиялары (11,8%) тұр.

Жасыл технологиялар саласындағы патенттік белсенділік деңгейі бойынша Дания бірінші орынға шықты. Елдегі барлық патенттік өтінімнің 31,9%-ы осы бағытқа тиесілі.

Тауар белгілерін тіркеуге өтінімдер көбейді, ал өнеркәсіптік үлгілер бойынша азайды

2022 және 2023 жылдардағы төмендеуден, сондай-ақ 2024 жылғы салыстырмалы тұрақтылықтан кейін 2025 жылы тауар белгілерін тіркеуге берілген өтінімдер саны 4,1%-ға артып, 15,9 миллион сыныпты құрады.

Ал өнеркәсіптік үлгілерді тіркеуге берілген өтінімдер саны 4,3%-ға азайып, 1,5 миллионға дейін төмендеді. Пайдалы модельдер бойынша өтінімдер де 16,3%-ға қысқарып, 2,7 миллионды құрады.

ДЗМҰ-ның бас директоры Дарен Танг геосаяси және макроэкономикалық белгісіздікке қарамастан, 2025 жылы зияткерлік меншік жүйесі нығая түскенін атап өтті.

Оның айтуынша, патенттік өтінімдер санының өсімі 2016 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жеткен. Сонымен қатар соңғы бірнеше жылда алғаш рет тауар белгілерін тіркеуге берілген өтінімдер саны да өскен.

Дарен Танг компаниялардың технологияға негізделген бизнесті дамытуға инвестиция салуды жалғастырып жатқанын, ал мемлекеттер инновацияны экономикалық өсімнің, дамудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды факторы ретінде қарастыратынын айтты. Бұл үдерістерге жасанды интеллект пен басқа да цифрлық технологиялар қосымша серпін беріп отыр.

— Дамушы экономикалар өнеркәсіптік, цифрлық және мәдени инновацияларды тиімді ұштастырып, өз азаматтарының инновациялық және шығармашылық әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін арттырған сайын, зияткерлік меншік экономикалық өсудің маңызды қозғаушы күші бола береді, — деді ДЗМҰ басшысы.

Айта кетейік, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде (GII) Қазақстан 139 экономиканың арасында 73-орынға тұрақтады. Осылайша, еліміз өткен жылмен салыстырғанда бірден сегіз сатыға жоғарылады.

Сондай-ақ зияткерлік меншік ұғымы Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет бекітілгенін атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемнің түкпір-түкпірінен таланттар мен инвестиция тартатын орталыққа айналу әлеуеті жоғары екенін айтқан болатын.

Бұл — адами капиталдың сапасын арттыру бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі. Осыған байланысты зияткерлік меншікті қорғауды Конституция деңгейінде бекіту алғаш рет ұсынылды. Бұл қадам креативті экономиканың дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қытай автокөлік өндірушілерінің төлем тәртібін қадағалайды.