Қытай Ресейге сыра жеткізуде көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Қытай Ресейге сыра жеткізу көлемін бір жарым есеге арттырды. Осы кезең ішінде ҚХР-дан РФ-ға жалпы сомасы 33,4 млн АҚШ долларына тең сыра импортталған, деп хабарлайды DW.
Осылайша Қытай Германияны басып озып, Ресей нарығындағы ең ірі сыра жеткізуші атанды.
Хабарламаға сәйкес, екінші орында Чехия тұр. Алайда бұл елдің экспорты екі есеге жуық қысқарып, 15,6 млн доллар болды.
Бұған дейін Ресей нарығына сыра жеткізуде көш бастаған Германия өз экспортын алты есеге азайтып, 12,2 млн долларға дейін төмендетті. Сондай-ақ Бельгия, Латвия, Нидерланд және Польша сияқты басқа да еуропалық елдерден Ресейге жеткізілетін сыра көлемі қысқарған. Ал Португалиядан Ресейге сыра импорты керісінше 21 есеге өсіп, 1,6 млн долларға жеткен.
Бұған дейін Қазақстанда 2026 жылдан бастап сыраны кезең-кезеңімен цифрлық таңбалау енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.