Қытай сауда логистикалық индустриясын қалай дамытып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай әлемдегі 124 елмен сауда серіктестігін орнатқан. Стратегиялық маңызға ие елдер қатарында Қазақстан да бар. Біз үшін аспан асты елінің инвестициялық, нарықтық пайдасы орасан. Ал Қытай үшін Қазақстанның сауда серіктесі ретіндегі артықшылығы мен кемшілігі қандай? Бұл сауалдарға Guangzhou Yanxu Changsheng International Trade Co логистикалық компаниясының акционері Цюй Бинь Jibek joly телеарнасында шығатын «Жаһан жайы» бағдарламасында жауап берді.

- Ішкі және халықаралық логистиканы құруда Қытай соңғы жылдары қандай негізгі шараларды жүзеге асырып жатыр?
- Қытай соңғы жылдары инфрақұрылымды жетілдірді. Заманауи логистикалық индустриялық парктер құрды, теміржол мен автомобиль жолдары хабтарының байланысын күшейтті, мультимодальды тасымалдауды жетілдірді, сонымен қатар қойма, сұрыптау сияқты қосымша қызметтерді дамытты. Интернет сауданы арттырды. Қытай-Қазақстан, Қытай-Ресей теміржолдарының трансшекаралық шекарасын ұлғайтты. Енді кеденнен өте жылдам өтеді.
- Қазақстан арқылы өтетін транзиттік бағыттар Қытайдың сыртқы сауда және логистика стратегиясында қандай рөл атқарады?
- Қазақстан арқылы өтетін транзиттік бағыттар - «Бір белдеу, бір жол» бастамасының хабы ғана емес, сонымен қатар Қытайдың Еуразиямен экономикалық интеграция жасайтын стратегиясының серіктесі. Қазақстанның Еуразия хабы ретіндегі рөлінің одан әрі артуы Қытай экономикасының тұрақты дамуына үздіксіз серпін береді деп есептеймін.

- Қытай үшін Ресей арқылы өтетін дәстүрлі тасымалдау бағытымен салыстырғанда Қазақстан арқылы өтетін бағыттың айырмашылығы қандай?
- Алдымен Қазақстанның әлсіз тұстарын айтайын. Соңғы он жылда Қазақстан инфрақұрылым саласында үлкен жетістіктерге жетті, бірақ Ресеймен салыстырғанда әлі де кемшіліктер бар. Мысалы, автомобиль жолдары желісінің қамту ауқымы шектеулі. Бұл жүк тасымалдау жылдамдығы мен сапасына кері әсер етеді. Сонымен қатар, Қазақстанның көрші елдермен тасымалдау желісінің байланысы әлі реттелмеген, жүктерді қайта тиеу тиімділігі төмен.
Артықшылықтарына келсек, Қазақстан мен Қытай арасында өте жақсы қарым-қатынас орнаған. Энергетика саласында Қазақстан Қытайдың инвестициялары мен нарығына тәуелді, бұл екі тарап арасында тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Ал Қытай мен Ресей арасында кейбір геосаяси ахуалға түрлі көзқарастар бар. Тасымалдау шығындары тұрғысынан Қазақстан Қытайдың батысымен шекаралас, кейбір жүктерді Қазақстан арқылы тасымалдау қашықтығы аздау. Сондықтан шығындар төмен.

- «Жаңа Жібек жолы» бастамасымен Қытайдың жаңа индустриялық кластерлері, ынтымақтастық үлгілері пайда болды ма?
- Қытай 124 елдің басты сауда серіктесі ретінде «Жаңа Жібек жолы» арқылы Азия, Африка және Еуропа елдерін байланыстырды. Бұл елдердің кәсіпорындарына кең нарық кеңістігін ұсынды. Қытайдың Жібек жолы бойындағы елдермен сауда айналымы үздіксіз өсіп жатыр, әр елге жеке сату арналарын ашты. Бұл - жеке пікірім.
- Соңғы жылдары Сиань және Алматы сияқты логистикалық хабтар аймақтық логистика үлгісінде қандай жаңа функцияларды атқарып отыр?
- Сиань – Қытайдың ішкі қаласы, «Бір белдеу, бір жол» және Қытай-Еуропа жүк пойыздарының арқасында теңізге шығатын жолы жоқ ірі логистикалық хабқа айналды және жаһандық логистикалық желіні қалыптастырды. Ал Алматы болса, көлік түйінінен заманауи логистикалық хабқа трансформацияланды. Алматы – Қазақстандағы ең маңызды хабы, ең ірі халықаралық әуежайы бар қала. Теміржолы да Орталық Азия, Қытайдың солтүстік-батысын байланыстырады. Инфрақұрылымды жаңғырту арқылы Алматы біртіндеп заманауи ірі логистикалық ортаға айналып келеді.
- Транзиттік тасымалдау практикасында Қытай мен Қазақстан қандай негізгі кедергілерге тап болып отыр деп ойлайсыз?
- Менің білуімше, Қазақстан 2024 жылдың наурыз айынан бастап Қытайдан транзитпен өтетін жүктерге 100% қорап ашу тексерісін енгізді. Бұл шекарадағы өту уақытының ұзаруына және жүктердің кідіруіне әкелді. Әсіресе, электронды коммерция және жоғары құнды тауарлар үшін көп тәуекел тудырады. Сонымен қатар Қытай мен Қазақстан арасында кеден саясаты мен теміржол тасымалы тарифтерінің жеңілдік жасайтын бірыңғай стандарттарының жоқтығы байқалады. Салыстырмалы түрде, Каспий теңізі жағалауындағы елдер, мысалы Қазақстан, Грузия және Әзербайжан транзиттік тарифтер бойынша бірыңғай стандарт қалыптастырған. Сондықтан бізге ортақ бірыңғай тарифтік жүйе жасау керек.
- Қазақстан мен Қытай арасында қай тасымалдау түрі басым болады деп есептейсіз?
- Қытай мен Қазақстан үшін мен автомобиль тасымалын жоғары бағалаймын. Себебі екі ел шекаралас, ал автомобиль тасымалының шектеулері салыстырмалы түрде аз, тиеу-түсіру ыңғайлы, «есіктен есікке» қызмет көрсетеді, бұл тұтынушылар үшін қолайлы.

