Қытай шетелдік инвесторлар үшін опцион нарығын ашады
АСТАНА.KAZINFORM - Осы аптада Қытай шетелдік инвесторлар үшін қор опциондары нарығын ашып, юаньдағы активтердің тартымдылығын арттыруға тағы бір қадам жасады, деп хабарлайды Reuters.

Шанхай қор биржасы білікті шетелдік институционалды инвесторлар енді көлемі 100 триллион юаньнан (14,05 триллион доллар) асатын әлемдегі ең ірі қор нарықтарының бірінде тәуекелдерді хеджирлеуге арналған опциондарды саудалай алатынын хабарлады.
Бастапқы кезеңде биржалық сауда қорларына негізделген бес опциондық өнім саудаға қолжетімді болады. Бұл сауда-саттық жеке компаниялармен емес, нақты индекстердің жұмысын бақылайтын, тәуекелдерді азайтатын және сауданы болжауға болатын қорлармен байланыстыратынын білдіреді.
Опциондар нарығының ашылуы жаһандық инвесторларды тарту және юаньның халықаралық сахнадағы рөлін нығайту бойынша ауқымды науқанның бір бөлігі. Бұған дейін Қытай билігі Гонконгта оффшорлық юань бизнесін дамыту жоспарларын жариялап, халықаралық есеп айырысуларда цифрлық юаньды ілгерілету үшін Шанхайда операциялық орталық ашты.
Опциондық келісімшарт инвесторға белгілі бір мерзім ішінде алдын ала белгіленген баға бойынша активті сатып алу немесе сату міндетін жүктейді. Бұл құрал пайда әлеуетін сақтай отырып, тәуекелдерді азайтуға көмектеседі және қор нарығында капиталды басқарудың негізгі механизмі болып саналады.
Бұған дейін Қытайда халықаралық цифрлық юань орталығы ашылғанын хабарлаған едік.