Қытай сыртқы істер министрі: Азия – ірі державалардың ойын алаңы емес

АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Азия ірі державалар айтысып-тартысатын ойын алаңы емес, халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналуы керектігін мәлімдеді деп хабарлайды Kazinform тілшісі ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қытай сыртқы істер министрі
Фото: Анадолы

7 наурыз күні Бүкілқытай халық өкілдері жиналысының баспасөз мәслихатында сыртқы істер ведомствосының басшысы Ван И Қытайдың көршілес елдермен қарым-қатынасы туралы тоқталғанда, Азия Қытайдың тұрлаулы тұғыры, сондай-ақ азиялық елдердің ортақ мекені екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қытай қазірге дейін төңірегіндегі 17 елмен «ортақ тағдыр қауымдастығы» құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық Азияда  «ортақ тағдыр қауымдастығының» екі ірі кластері қалыптасып үлгерді.

- Бүгінгі Қытай – Азиядағы тұрақтылықтың тірегі, экономикалық дамудың қозғалтқышы және өңірлік қауіпсіздіктің кепілі, – деді Ван И.

Оның айтуынша, көршілер арасында ұсақ-түйек келіспеушілік болып тұрады, тарихи мәселелер мен мүдделер қайшылығы лайықты шешімін табуы қажет.

- Қытай «Ырыс алды — ынтымақ» екеніне сенеді. Тек «Ортақ мекен» ұстанымынан айнымай, «ортақ тағдыр қауымдастығы» бағытынан көз жазбасақ, тең құқылы кеңес құрып, бір-бірімізге түсіністікпен қарай білсек, кез келген келіспеушілік шешіліп, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік туады, - деді ол.

АҚШ-тың Азия аймағына орта қашықтықтағы зымырандар орналастыру ниетіне байланысты Ван И Қытайдың бұған үзілді-кесілді қарсы екенін әрі аймақтағы елдердің де мұндай қадамды құптамай қоймайтынын айтты.

- АҚШ-тың «Үнді-Тынық мұхиты стратегиясы» іске қосылғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ ол аймақ елдеріне не берді? Азия ірі державалар айтысып-тартысатын ойын алаңы емес, халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналуы керек. Біз ашық аймақшылдықты (регионализм) құптаймыз, өзара құрмет пен тиімділік қағидаты негізінде Азияның даму мүмкіндігін тең бөлісуді қалаймыз, - деді ол.

Осыған дейін Ван И Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) кезекті төрағасы ретінде 100-ден астам іс-шара өткізетінін хабарлады.

 

Соңғы жаңалықтар