Қытай СІМ АҚШ пен Жапонияның бірлескен мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM –  Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь АҚШ пен Жапонияның бірлескен мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ведомствоның ресми сайты мәлімдеді. 

Қытай СІМ АҚШ пен Жапонияның бірлескен мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді
Фото: mfa.gov.cn

Оның айтуынша, бірлескен мәлімдемеде Қытайға қатысты мәселелердің тілге алынуы Қытайдың ішкі ісіне көпе-көрнеу килігу, Қытайды күйелеу мен қаралау, аймақтық шиеленісті ушықтыру болмақ. Қытай бұған қатаң наразылық және батыл қарсылық білдіреді.

- Тайвань мәселесі – Қытайдың ішкі ісі, Қытайдың негізгі мүдделерінің өзегі, сондықтан оған сыртқы күштердің араласуына жол берілмейді. АҚШ та, Жапония да Тайвань мәселесі бойынша Қытайға ресми уәде берген. Әсіресе Жапонияның тарихта Тайваньға шапқыншылық жасаған және отарлық үстемдік жүргізген ауыр қылмысы бар, сол үшін Тайвань мәселесінде айрықша абай болғаны жөн. Қазіргі уақытта Тайвань бұғазындағы бейбітшіліктің сақталуына басты қатер «Тайвань тәуелсіздігі» сепаратистік әрекеттерінен және оларға сырттан жасалған қолдау мен қолпаштаудан төніп отыр. Егер тиісті елдер шынымен бейбітшілік пен тұрақтылық үшін алаңдаушылық білдірсе, Бір Қытай қағидатын берік ұстанып, «Тайвань тәуелсіздігіне» ашық қарсы тұруы керек, - деп атап көрсетті Го Цзякунь. 

Ресми өкілдің пікірінше, Тайвань аймағының халықаралық ұйымдар қызметіне атсалысуы да Бір Қытай қағидатына сәйкес іске асырылуы қажет. Егеменді елдер ғана қатыса алатын халықаралық ұйымдарға қосылуға Тайваньнның ешқандай негізі, уәжі және құқығы жоқ.

Ол Дяоюйдао (Жапония Сенкаку деп атайды) аралы мен оның айналасындағы аралшалардың ежелден Қытай жері екенін еске салды. 

- Қытай ежелден Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесіне сәйкес әрекет етеді, айталған Қытайдың «экономикалық агрессиясы» дегеніміз ойдан шығарылған далбаса, - деп түйіндеді сөзін ресми өкіл. 

RFI-дің хабарлауынша, Жапонияның премьер-министрі Сигэру Исиба мен АҚШ Президенті Дональд Трамп 7 ақпан күні Вашингтондағы Ақ үйде кездесу өткізіп, тараптар қарым-қатынасының жаңа алтын дәуіріне жол ашуға бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойған. Мәлімдемеде тараптар Тайвань бұғазында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, қалыптасқан жағдайды күш қолдану немесе тізе батыру арқылы бір жақты өзгертуге қарсылық білдірген; Тайваньның халықаралық ұйымдарға толықтай қатысуына қолдау көрсеткен. Мәлімдемеде сондай-ақ «АҚШ-Жапония қауіпсіздік шартының» 5-ші бабының Сенкаку (Дяоюйдао) аралына да қолданылатыны атап көрсетіліп, Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі заңсыз талаптарына, әсіресе рифтерді әскерилендіру мен бақа да арандату, сес көрсету әрекеттеріне қарсылық білдірілген. Бұған қоса АҚШ тарпы Қытайдың «экономикалық агрессиясына» қарсы күресте одақтастарымен ынтымақтастықты күшейтетінін де мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар