Қытай СІМ: әскери жаттығу — заңды, қажетті және орынды қадам

АСТАНА. KAZINFORM —  ҚХР қарулы күштері 17 наурыз күні Тайвань бұғазына таяу теңіз айдынында әскери жаттығу өткізді. Қытай Сыртқы істер министрлігі аталған әскери әрекетті АҚШ-тың Тайваньға қатысты ұстанымындағы өрескел шегініске және «Тайвань тәуелсіздігін» жақтайтын күштердің арандатушылық әрекеттеріне берілген жауап деп атады.

Қытай СІМ: әскери жаттығу — заңды, қажетті және орынды қадам
Фото: fmprc.gov.cn

Бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қытай СІМ-нің ресми өкілі Мао Нин Қытай қарулы күштерінің Тайвань маңындағы әскери жаттығуына қатысты пікір білдірді.

Журналистердің тиісті сұрақтарына жауап бере отырып, ол АҚШ-тың соңғы әрекеттерін сынға алды.

— Жақында АҚШ Тайвань мәселесінде бірқатар қате қадам жасады, әсіресе АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми сайтындағы АҚШ-Тайвань қарым-қатынасына қатысты тізімдеменің мазмұнына өзгеріс енгізіп, «Бір Қытай» қағидатын ұстану және «Тайвань тәуелсіздігін» қолдамау туралы маңызды тұжырымдарды алып тастады. Бұл — АҚШ-тың «Тайваньды Қытайға қарсы пайдаланудан» бас тартпай, «Тайвань тәуелсіздігі» күштерін айтақтап, айдап салып отырғанының тағы бір сұрықсыз дәлелі, — деді Мао Нин.

Ресми өкіл Тайвань маңында өткен әскери жаттығуды елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған «заңды, қажетті және орынды қадам» деп атап өтті.

— Бұл — «Тайвань тәуелсіздігін» жақтайтын сыртқы күштердің әрекетіне берілген қатаң жауап, «Тайвань тәуелсіздігін» мақсат еткен сепаратистік күштерге берілген қатал ескерту, — деді Мао Нин.

Мао Нин Қытай үшін Тайвань мәселесінен өтер өзекті мүдде жоқ екенін атап өтті.

— Бір Қытай қағидаты — Қытай-АҚШ қатынастарының саяси іргетасы. Іргетас берік болмаса, екі елдің байланысы ушыға бермек. «Тайвань тәуелсіздігі» мен Тайвань бұғазының бейбітшілігі бір-біріне мүлде кереғар. «Тайвань тәуелсіздігін» жақтаушылардың алды тұйық, арты жар, ал «Тайваньды Қытайға қарсы пайдалану» — отпен ойнағандай қауіпті әрекет», — деп мәлімдеді Мао Нин.

Ресми өкіл АҚШ-ты «Бір Қытай» қағидатын берік ұстанып, Қытай мен АҚШ арасындағы 3 бірлескен мәлімдеменің талаптарын сақтауға, Тайвань мәселесіне байланысты бұған дейін берілген уәделерді орындауға, сондай-ақ Тайвань бұғазының тұрақтылығына қауіп төндіретін арандатушылық әрекеттерден бас тартып, Тайвань бұғазының бейбітшілігі мен Қытай-АҚШ қарым-қатынасына зиян тигізетін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Айта кетелік Қытай қорғаныс министрлігі Тайваньға ескерту жасаған еді.

Соңғы жаңалықтар