Қытай СІМ: Чехия Президентімен байланыста болмаймыз

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь 12 тамызда өткен баспасөз маслихатында ел үкіметінің Чехия Президенті Петр Павелмен ендігәрі байланыста болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Қытай СІМ-нің ресми сайты хабарлады

Линь Цзянь
Фото: ҚХР СІМ

Брифингте «China Daily» басылымының тілшісі ресми өкілден «Жуырда Чехия Президенті Павел Жапониядағы сапарын аяқтағаннан кейін Үндістанға соғып, XIV Далай-ламамен кездескен. Қытай тарапы бұған қалай жауап қайтарады?» деп сұрады. 

— Қытай тарапының бірнеше мәрте наразылық білдіріп, ескерту жасауына қарамастан, Чехия Президенті Петр Павел алған бетінен қайтпай, Үндістанда Далай-ламамен кездесті. Бұл — Чехия үкіметінің Қытай үкіметіне берген саяси уәдесіне өрескел қайшы әрі Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіргендік. Қытай тарапы бұған қатты наразы екенін және батыл қарсылық білдіретінін айтып, чех тарапына қатаң мәлімдеме ұсынды. Павелдің арандатушылық әрекетіне байланысты, Қытай тарапы онымен ешқандай байланыста болмауға шешім қабылдады, — деді Лин Цзянь. 

DW агенттігінің жазуынша, 27 шілде күні Чехия Президенті Петр Павел жеке сапармен Үндістанға барған әрі Тибеттің эмиграциядағы рухани көсемі Далай-ламамен жүздесіп, оны 90 жасқа толуымен құттықтаған.

Еске сала кетейік, Қытай 12 тамыздан бастап АҚШ-тан импортталатын тауарларға қосымша 24 пайыздық баж салығын тоқтата тұруды 90 күнге ұзарту туралы шешім қабылдады.    

Соңғы жаңалықтар