Қытай соты әлеуметтік сақтандырудың міндетті екенін еске салды: қоғам неге алаңдап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Тамыз айының басында Қытайдың Жоғарғы халық соты «Еңбек даулары жөніндегі істі қарауда қолданылатын құқықтық мәселелер туралы түсіндірме» атты құжатты жариялады. Құжатқа сәйкес 1 қыркүйектен бастап, мейлі жұмыс беруші мен еңбекшінің өзара уағдасы арқылы болсын, немесе еңбекшінің жұмыс берушіге біржақты сөз беруі арқылы болсын, әлеуметтік сақтандыру жарналарын төлемеу туралы кез келген келісім жарамсыз деп танылады.

Қытай
Фото: Zaobao

Lianhe Zaobao басылымының жазуынша, құқықтық норма туралы осы жаңа түсіндірме күшіне енгеннен кейін, егер кәсіпорын өз қызметкері үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлемесе, қызметкер заңға сәйкес еңбек шартын бұзуға және компаниядан экономикалық шығын үшін өтемақы төлеуді талап етуге құқылы. Сондай-ақ кәсіпорын кешіктірілген жарналарды толықтырып төлеу кезінде әр күн үшін 0.5‰ мөлшерінде өсімпұл төлеуге тиіс. Егер әлеуметтік сақтандыру жарналарының төленбеуіне байланысты еңбекшінің медициналық шығындары өтелмей қалу сияқты нақты зиян келтірілсе, кәсіпорын залалды толық көлемде өтеуге міндетті.

Қытай Жоғарғы халық соты Бірінші азаматтық сотының төрағасы Чэнь Ифанның түсіндіруінше, елде соңғы екі жылда бәсекелестікті шектеу, әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемақылар, әлеуметтік сақтандыру сияқты мәселелер бойынша еңбек дауларының саны артып келеді. Тиісті құқықтық түсіндірме Қытайдың еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайтуға, үйлесімді еңбек қатынасының қалыптасуын ілгерілетуге бағытталған.

ҚХР
Фото: Синьхуа

Қытайлық БАҚ-тардың жазуынша, құқықтық норма туралы сот түсіндірмесі бар болғаны қолданыстағы «Әлеуметтік қамсыздандыру туралы Заң» мен басқа да міндетті нормаларды қайта растау ғана. Бұл жаңа ереже емес және тек халық соттары тиісті еңбек дауларын қарау кезінде ғана қолданады, кәсіпорындардан бұған дейін төленбей келген әлеуметтік сақтандыру жарнасын толықтырып төлеу талап етілмейді. Тиісті заңнамалық талаптардың тиянақты іске асырыла бастауы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының капитал пулын ұлғайтуға, әділетті бәсекелестікті арттыруға және тұтынуды ынталандыруға оң ықпал етеді.

Жұмыс берушінің өзі жалдаған қызметкерлер үшін әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлемеуі Қытайда бұған дейін де заңсыз саналатын. Алайда табысы мардымсыз шағын дәмханалар мен дүкендерден бұл ережені сақтау қатаң талап етілмейтін. Алайда Жоғарғы халық сотының жаңа түсіндірмесі бойынша жұмыс беруші қызметкерінің есебіне әлеуметтік сақтандыру төлемдерін аудармаса, өзара түсіністік пен келісімнің болуына қарамастан, заңды бұзды деп айыпталып, өтемақы төлеу жөнінде бұйырылуы мүмкін. Бұл қытайлық әлеуметтік желі қолданушылары арасында айтарлықтай пікірталас тудырды.

ҚХР
Фото: Синьхуа

Қытайлық WeChat платформасында жарық көрген «Үй іргесіндегі мәнті дүкені жабылмақ» деген мақала бірден интернет пайдаланушыларының назарына ілініп, желіден желіге желдей есіп тарап кетті. Мақалада мәнті дүкенінің иесі табысының әу бастан күнкөрістен артылмайтынын, ал «жаңа ереже» қолданысқа енгеннен кейін дүкендегі 5 қызметкер үшін әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеуге тура келетінін, бұл ай сайын аз дегенде 10 мың юань қосымша шығын әкелетінін жазады. Айтуынша, мұндай шығынды оның қалтасы көтермейді, тіпті жалақыға қараған қызметкерді былай қойып, дүкен ұстап отырған оның өзі де әлі күнге әлеуметтік сақтандыруға қатыспаған.

Оның жазуынша, дүкенде жұмыс істейтін қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 5000 юань (шамамен 375 000 теңге). Алайда Бейжіңде биылғы шілдеден бастап әлеуметтік сақтандыру жарнасының базалық есептік мөлшері 7353 юаньға көтерілген, тіпті еңбекшінің табысы осы деңгейге жетпесе де, жарнаның мөлшері осы межеге сай есептеледі. Басқаша айтқанда, оның дүкеніндегі әр қызметкер ай сайын міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жалақысынан 780 юань аударса, жұмыс беруші ретінде ол әр жұмысшы үшін 1950 юань төлеуге міндетті.

Мақала авторының айтуынша, дүкен қызметкерлері сақтандырусыз жұмыс істеуге разы болса да, ай сайын жалақысынан 780 юаньды қорға аударуға келіспейді. Ал жарна төленбесе, заң талаптарына сай жұмыс беруші айыпты деп танылып, ісі сотқа жетсе, шағын кәсіпкердің қалт-құлт еткен шаруашылығы одан сайын құлдырауы мүмкін.

Қытайда жұмыс берушілер ғана емес, жалдамалы жұмыстағы азаматтардың да айтарлықтай бір бөлігі әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеуге аса ықыласты емес, олар үшін қолға тиетін ақшалай табыстың мөлшері әлдеқайда маңызды. Қытай заңына сай әлеуметтік сақтандыру әу бастан міндетті. Бірақ қалыптасқан жағдай бойынша, жалдамалы жұмысшы жарна төлеуді қаламаса, компания тиісті шығынды азайту үшін оның өтінішіне қуана келіседі. Немесе компания өзіне артылған міндеттен жалтарғысы келсе, қызметкерлерін әлеуметтік сақтандыруға қатыспауға көндіріп, есесіне олардың қолына тиетін жалақының мөлшерін болмашы көбейтетін және бұл екі тарап үшін де тиімді деп саналатын. Әсіресе шағын және ұсақ кәсіпорындар үшін бұл үйреншікті жайт-тұғын.

RFI-дің жазуынша, бұның басты себебі – Қытайда әлеуметтік сақтандыру шығынының көлемі өте үлкен, алайда қайтарым мерзімі өте ұзақ.

Мысалы, зейнетақы сақтандыруы туралы айтар болсақ, компания қызметкерге берілетін жалақының 20%-ы мөлшерінде жарна төлеуге міндеттелген. Ал жалдамалы жұмыстағы әрбір азамат жалақысының 8%-ын зейнетақы қорына аударуға тиіс. Қолданыстағы ереже бойынша, болашақта зейнетақы қорынан төлем алу үшін азамат кемінде 15 жыл жарна төлеуі керек, ал 2030 жылдан кейін бұл мерзім 20 жылға дейін ұзартылмақ.

Ресми дерек бойынша, елде 2024 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны шамамен 734 млн адам болса, жұмыссыздық сақтандыруымен қамтылғандар саны бойынша есептегенде, әлеуметтік сақтандыруға (зейнеткерлік, медициналық, жұмыссыздық, өндірістік жарақат және жүктілік сақтандыруы мен тұрғын үй қорына төленетін жарна) қатысушылар ең көп болғанда 246 млн адам ғана (жұмыспен қамтылған халықтың небәрі 33,5%-ы).

RFI-дің талдауына сәйкес, Қытайдың тиісті талаптарды қатайта бастауы әлеуметтік сақтандыру қорының кірісі мен шығысы теңесуге жақындаған қазіргі күрделі ахуалға байланысты болуы мүмкін.

ҚХР
Фото: Синьхуа

Шынымен де халықтың қартаю үдерісі тездеуіне байланысты Қытайда зейнетақы алатын жандардың қатары жыл санап көбейіп келеді, алайда зейнетақы қорына жарна аударатын азаматтар санының өсуі тым сылбыр. Осыған байланысты Қытайда әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тұрақтылығы аса күрделі сынаққа дөп келіп отыр. Қазіргі күнде Қытай үкіметі кіріс пен шығыстың болашақ теңгерімін қамтамасыз ету үшін түрлі шаралар қолдана бастаған.

Қытайдың Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылы елдегі жасы 60-тан асқан тұрғындар саны 300 млн-нан асқан, бұл жалпы халықтың 22%-ы. Кей болжам бойынша, 2035 жылға қарай қарттар саны 400 млн-ға жетуі мүмкін. Болашақта жас еңбекшілер төлейтін зейнетақы жарнасының жалпы көлемі осыншама көп зейнеткердің қажетін өтей алмай қалуы әбден мүмкін.

2020 жылғы есеп бойынша, болашақ 5–10 жылда зейнетақы қорының тапшылығы 8–10 трлн юаньға жетуге тиіс. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы 2019 жылы жариялаған есепте де жинақтаушы зейнетақы қорының қалдығы 2035 жылға қарай сарқылуы мүмкін деп болжанған. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы бұған дейін жеткілікті орындалмай келген талаптардың қайта пысықталып, қоғам өміріне қайтарылуы, қытайлық сарапшылар айтқандай, тапшылықтың қадамын баяулата ала ма? Бұған дөп басып бірдеңе айту қиын. Бірақ, әлеуметтік сақтандырудың міндетті екенін жұрт есіне қайта салған сот түсіндірмесінен кейінгі (сот түсіндірмесінің әкімшілік жарлық емес екеніне және оның еңбек дауларын қарау кезінде ғана қаперге алынатынына қарамастан) әлеуметтік көңіл күйдің толқуы бұл болжамға сақтықпен қарау керектігін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар