Қытай су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 19,6 миллион доллар бөлді

– Ел бойынша ауқымды апатты жою жұмыстары жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері 101 мың тұрғынды эвакуациялауға көмектесті. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шекккен 1 800-ден астам адам құтқарылды, - деп хабарлады Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі.
ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі аумақтық органдарға зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету және бірінші кезекте паналау орындарында, уақытша орналастыру пункттерінде, қоймалар мен медициналық пункттерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысты бастауды тапсырды.
Қытайдың шығыс, солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде толассыз жаңбыр жауып, оның соңы су тасқынына ұласты.
Бейжіңде нөсер жауын 30 адамның өмірін қиды. Жаңбырдан жолдарды су басып, электр қуаты үзілді. Апаттың ауырлығына байланысты барлығы 80 332 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қытай астанасының солтүстік таулы аймақтарында адам өлімі тіркелді.
Бейжің қаласының су тасқынына қарсы штабы тұрғындарды қауіпті аймақтарға барудан бас тартуға шақырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қытайдағы су тасқынының зардаптарын жоюға 2 мыңнан аса әскери жұмылдырылғанын жазған едік.
Синьхуа серіктес агенттігі Kazinform агенттігіне арнайы ұсынған.