Қытай тағы бірқатар елге визасыз режим енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — 1 маусымнан бастап Қытай тағы бес елдің азаматтарына біржақты визасыз режим енгізді, деп хабарлайды The Paper ақпараттық порталы.

Нақтырақ айтқанда, 2025 жылғы 1 маусымнан 2026 жылғы 31 мамырға дейін Бразилия, Аргентина, Чили, Перу және Уругвай елдерінің жалпы азаматтық паспорт иелері Қытайға визасыз кіре алады.
Аталған бес елдің азаматтары Қытайға іскерлік, туризм, туысшылау, алмасу және транзит мақсатында 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз келе алады.
Бұл — Қытайдың Латын Америкасы мен Кариб аймағындағы елдерге алғаш рет визасыз режим енгізуі. Осылайша, Қытай біржақты визасыз режим енгізген елдердің қатары 43-ке жетті.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин 28 мамырда өткен кезекті брифингте 2025 жылғы 9 маусымнан 2026 жылғы 8 маусымға дейін Сауд Арабиясы, Оман, Кувейт және Бахрейн азаматтарына 30 күндік біржақты визасыз режим енгізілетінін хабарлаған болатын.
Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим туралы келісімге 2023 жылдың 17 мамырында қол қойған.
2024 жылы Қытайдан келген туристер саны 650 мың адамнан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе өскен.