Қытай тауарларын Қазақстан арқылы өткізуге жаңа теміржол салу керек - экономист

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай тауарларын Қазақстан арқылы транзитпен өткізу үшін тар табанды жаңа теміржолды салу керек. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкасында экономист, тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримов мәлім етті.

Өзбекстан трансауған теміржолының құрылысын биыл бастауға ниетті
Фото: ҚР Көлік министрлігі

- Ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолдау керек. Менің ойымша, Қазақстанды алға сүйрейтін экономикалық бағыттарды бірінші кезекте қаржыландыруымыз керек... Қазақстан арқылы транзитпен Қытай тауарлары өтеді. Қытайлықтар өздерінің тауарларын өткізуге басымдық беруді сұрап отыр. Бұл ретте, тиісті ұсыныстарды үнемі айтып келемін. Неге біз Қытай жағымен бірлесіп, Қорғастан Құрық портына дейін тар табанды теміржол салмаймыз? Өйткені, Қытай Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан секілді бес мемлекет арқылы өтетін теміржол салмақшы. Бұл жобаға шамамен 5 млрд АҚШ доллар қаражат бөледі. Дегенмен, осы 5 елдің шекарасынан өтуге уақыт керек, сондай-ақ таулы жерлерге үңгіржол салу шығындары бар.

Ал Қазақстанның жазық даласы арқылы жол салу жеңіл болады, - деді Е. Каримов.

Оның пайымынша, қытайлық тауарларды еліміз арқылы өткізуге тар табанды теміржол салынса, Қазақстанның транзиттік әлеуеті едәуір артады. 

- Еліміз арқылы бір күнде өтетіндей салуға болады. Мәселен, Қытайда тар табанды, ал бізде кең табанды теміржол пайдаланылып келеді. Біздің шекараға келген кезде, олар табандарын ауыстырады. Бұған - уақыт керек. Бизнестің дамуы үшін тауардың сапасы, тауар бағасы және оны жеткізу жылдамдығы сияқты үш талапты орындау қажет. Қытайда тауар сапары жақсарып жатқанын көріп отырмыз және бағасы да өте қолайлы. Қазір оларға жеткізу жылдамдығы жетіспей отыр. Егер оларға тар табанды жолды ұсына алсақ, біздің логистикалық әлеутеміз артады. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыруда Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар, - деді сарапшы.

Айта кетейік, Қытай алғашқы төрт айда 1,4 триллион доллар құрайтын жаңа несие берді.

Соңғы жаңалықтар