Қытай Тәжікстанның басты экономикалық серіктесіне айналды: бұл елге не береді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Тәжікстанның ең ірі сауда серіктесі әрі экономикасына инвестиция құйып отырған жетекші мемлекеттердің біріне айналды.
Қытай компаниялары жол құрылысына, алтын өндіруге, цемент өндірісіне және энергетиканы дамытуға қатысып келеді. Ал Қытайда шығарылған автокөліктер Тәжікстан қалаларының көшелерінде жиі көзге түседі. Аспан асты елінен келетін капитал ағыны республика экономикасына қалай әсер етіп жатыр және елдің дамуына қандай мүмкіндіктер ашады? Материалымызда осы мәселелерді зерттеген едік.
Ел экономикасына құйылған инвестиция
Тәжікстанның Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметінше, 2025 жылы Қытайдан келген тікелей инвестиция көлемі — 294,1 млн доллар. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,7%-ға көп (261 млн доллар). Елге тартылған барлық тікелей шетелдік инвестицияның 57,7%-ы Қытайдың үлесіне тиесілі болды.
Жалпы, өткен жылы Тәжікстан 6,92 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартқан. Оның 509,5 млн доллары — инвесторларға компанияларды басқаруға қатысуға мүмкіндік беретін тікелей шетелдік инвестициялар.
2007-2025 жылдар аралығында Қытай республика экономикасына шамамен 5,84 млрд доллар инвестиция салды. Жинақталған инвестиция көлемі бойынша ол Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Қытайдың үлесіне елге тартылған барлық шетелдік инвестицияның 20,5%-ы тиесілі.
2026 жылы да бұл үрдіс жалғасын тапты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қытай тікелей инвестиция көлемі жөнінен тағы да бірінші орынға шықты. Мамыр айында Тәжікстан Президентінің Бейжіңге сапары кезінде тараптар бірқатар келісімге қол қойды. Президент әкімшілігінің бағалауынша, бұл құжаттар елге 8 млрд доллардан астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Сауда көлемі артып келеді, алайда теңгерім әлі де сақталмаған
2025 жылы Тәжікстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы шамамен 2,85 млрд долларға жетті. Қытайдың үлесіне Тәжікстанның сыртқы саудасының 26,4%-ы тиесілі болды. Ал сауда көлемі 2,47 млрд доллардан асқан Ресей (22,9%) 20 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет елдің негізгі сауда серіктесі мәртебесінен айырылып, екінші орынға түсті.
2026 жылдың бірінші жартысында шығыстағы серіктеспен сауда көлемі одан әрі өсті. Тауар айналымы шамамен 50%-ға артып, 1,783 млрд долларға жетті. Бұл — Тәжікстанның жалпы сыртқы саудасының 26,2%-ы. Ал осы кезеңде Ресеймен арадағы сауда көлемі 1,32 млрд доллар болды.
Дегенмен Қытаймен сауда-саттықта теңгерімсіздік сақталып отыр: Тәжікстан экспорттағаннан гөрі әлдеқайда көп импорттайды. 2025 жылғы қаңтар-мамыр аралығында республика Қытай нарығына 177 млн доллардың тауарын жеткізсе, одан 787 млн долларға жуық өнім сатып алған. 2026 жылғы қаңтар-мамырда Тәжікстанның жалпы импортының 24,7%-ы осы елдің үлесіне тиді. Бұл — өзге мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Аспан асты елінің тауарлары Тәжікстан нарығының барлық дерлік сегментінде бар. Техника мен автокөліктен бастап құрылыс материалдарына, тұрмыстық заттар мен киім-кешекке дейін Қытай өнімдерін кездестіруге болады. 2026 жылдың жеті айындағы импорт құрылымында машина мен жабдықтар (903,5 млн доллар), минералдық өнімдер (870,8 млн доллар), металдар және олардан жасалған бұйымдар (798 млн доллар), сондай-ақ көлік құралдары мен қосалқы бөлшектер (771 млн доллар) негізгі орын алды.
Сонымен бірге тараптар өзара тауар жеткізілімін де ұлғайтуға ұмтылып отыр. 2026 жылғы қыркүйекте Душанбеде өткен Үкіметаралық комиссияның 14-отырысында Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттау көлемін арттыру мәселесі талқыланды. Бұдан бөлек, Ресейден жанармай жеткізуде іркілістер болғаннан кейін Душанбе Қытай жеткізушілерінен бензин мен дизель отынын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
Тоннельдерден контейнерлік пойыздарға дейін
Жол құрылысы — Душанбенің Бейжіңмен ынтымақтастығындағы ең көзге түсетін бағыттардың бірі. Қытайдың несиелері мен гранттарының қолдауымен Тәжікстандағы негізгі көлік магистральдары жаңартылды. Олардың көпшілігі Кеңес Одағы кезінде салынған болатын.
Негізгі жобалардың бірі — Қытаймен шекараға дейін баратын ұзындығы шамамен 1000 шақырымдық Душанбе — Құлма автожолы. Душанбе — Данғара учаскесі 2009–2013 жылдары Қытай Эксимбанкінің жеңілдетілген несиелері есебінен қайта жаңартылды. Осы кезеңде ұзындығы 4,43 шақырым болатын «Чормағзак» тоннелі де салынды. Қытай қаржысы Памирдегі ұзындығы 109 шақырымдық Қалайхумб — Рушан жол учаскесін қайта жаңартуға да бағытталды.
Ел үшін ұзындығы 354 шақырымды құрайтын Душанбе — Худжанд — Чанақ тасжолының да маңызы зор. Қытайдың қолдауымен қайта жаңартылған бұл жол Тәжікстанның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырды. Мұнда ұзындығы 5,2 шақырымнан асатын «Шахристан» және «Дусти» тоннельдері, сондай-ақ ондаған көпір салынды.
2026 жылы көлік саласындағы ынтымақтастық теміржол қатынасы есебінен де кеңейді. Ақпан айында Қытайдың Ланьчжоу қаласынан «Душанбе-2» станциясына Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан — Тәжікстан бағыты бойынша алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты. Тұтыну тауарлары мен құрылыс техникасы тиелген 40 футтық сегіз контейнер 3,5 мың шақырымнан астам қашықтықты 18-20 күнде жүріп өтеді.
Алтын, цемент және энергетика
Қытайдан тартылған капиталдың арқасында Тәжікстан цемент импорттаушы елден ірі өндірушілердің біріне айналып, өнімін шетелге экспорттауға мүмкіндік алды. Бүгінде елде 16 цемент зауыты жұмыс істейді. Алайда өндірілетін өнімнің 80%-дан астамы үш тәжік-қытай бірлескен кәсіпорнының үлесіне тиесілі. Олар — «Джунгцай Мохир Цемент», «Хуаксин Гаюр Цемент» және «Хуаксин Гаюр Сугд Цемент». 2026 жылы цемент өндірісі 4,62 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.
Қытай кәсіпорындары алтын мен түсті металдар өндіруде де елеулі рөл атқарады. 2007 жылы Zijin Mining компаниясы «Зарафшон» бірлескен кәсіпорнының акцияларының 70%-ын сатып алды. Кәсіпорын «Тарор», «Джилау» және «Чоре» кен орындарын игеріп келеді. Ал China Nonferrous Gold компаниясы «Пакрут» кен орнында алтын өндірумен айналысады. 2026 жылдың жеті айында Тәжікстаннан асыл металдар мен асыл тастар экспорты 519 млн долларға дейін өсті.
Қытай инвесторлары энергетика саласында да белсенді жұмыс істейді. TBEA компаниясы Душанбеде «Душанбе-2» жылу электр орталығын және электр беру желілерін салды. Станцияны жаңғырту жұмыстарының ақысы ретінде компанияға Соғды облысындағы «Верхний Кумарг» алтын кен орнын игеру құқығы берілді. Бұған дейін компания «Восточный Дуоба» кен орнын игеру құқығына да ие болған.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты — көмірсутек ресурстарын игеру. Қытай компаниялары Тәжікстан аумағындағы мұнай мен газ қорларын барлау жұмыстарына қатысып келеді.
Қытай компаниялары Душанбе қаласының келбетін өзгертіп жатыр
Қытай мердігерлері Душанбе қаласын жаңғырту жұмыстарына да қатысып жатыр. Ең ірі әрі көзге түсетін жобалардың бірі — елорда орталығындағы парламент пен үкіметтің жаңа ғимараттары. Олардың құрылысы Қытайдың 1,5 млрд юань көлеміндегі өтеусіз гранты есебінен қаржыландырылды. Кешенді Yanjian Group компаниясы салған. Ғимараттар 2024 жылғы 5 шілдеде ашылды. Мердігердің мәліметінше, құрылыс кезінде 3 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.
Қытай қаржысы энергетика секторына да белсенді тартылып жатыр. Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігінің мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында елде Қытай қаржысының қолдауымен жалпы құны 5,3 млрд доллардан асатын 35 жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ TBEA және PowerChina компанияларымен жалпы қуаты 1,5 мың МВт болатын күн және жел электр станцияларын салу жөнінде меморандумдарға қол қойылды.
Агроөнеркәсіптік және тоқыма саласындағы ірі жобалардың бірі — Данғара қаласындағы «Чжунтай — Жаңа Жібек жолы» индустриялық паркі. Оған Қытайдың үш компаниясы 160 млн доллар инвестиция салған. Өндірістік кешен мақта алқаптары мен иіру өндірісін біріктіреді.
Қытай инвесторлары «Данғара» және «Пяндж» еркін экономикалық аймақтарында да жұмыс істейді. Мұнда құрылыс материалдарын өндіретін, мақта, былғары және жүн өңдейтін кәсіпорындар құрылып жатыр.
Президент әкімшілігінің мәліметінше, Қытай компаниялары бірқатар мемлекеттік инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысуда. Жалпы, елде олардың қатысуымен құны шамамен 13 млрд долларды құрайтын 300-ден астам жоба бар.
Шикізат өндіруден жеке өндіріс құруға дейін
Қытай капиталы қатысқан көптеген жоба Тәжікстанда жеңілдетілген несиелер есебінен жүзеге асырылды. Дегенмен Бейжің алдындағы қарыз жүктемесі біртіндеп азайып келеді. Тәжікстанның қаржы министрі Файзиддин Каххорзоданың мәліметінше, бұған дейін 1,5 млрд долларға жеткен Қытай Эксимбанкі алдындағы берешек 2026 жылы 700 млн долларға дейін қысқаруы тиіс. Қазір осы банктің несиелері — елдің жалпы несие портфелінің 24,2%-ы.
Душанбе мен Бейжің ынтымақтастығының келесі кезеңі өнеркәсіптік өңдеу саласын дамытуға байланысты болмақ. Қытайдың Тәжікстан экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 6 млрд доллардан асты. Оның 3,5 млрд доллары — тікелей инвестициялар. Тәжікстан Қытай компаниялары жергілікті шикізатты өндірумен ғана шектелмей, ел ішінде өңдеу кәсіпорындарын құрып, дайын өнім шығаруға және осылайша қосылған құнды арттыруға үлес қосады деп үміттенеді.
Бұл инвестициялар 2026-2030 жылдарға арналған мемлекеттік инвестициялық бағдарламаны қаржыландырудың маңызды көздерінің бірі ретінде де қарастырылып отыр. Бағдарламаға жалпы құны 15,7 млрд доллар болатын 864 жоба енгізілген.
Тәжікстан экономикасы өсім көрсетіп келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің жалпы ішкі өнімі 8,2%-ға артты. Еуразиялық даму банкі жыл қорытындысында экономикалық өсім 8,1% болады деп болжайды.
Дегенмен, басты мәселе — «Республика тартылған капиталды тек инфрақұрылымды дамыту мен табиғи ресурстарды өндіруге ғана емес, өз өндірісі мен экспортын кеңейтуге де пайдалана ала ма?» деген сауал. Тәжікстан экономикасының Қытаймен ынтымақтастықтан ұзақ мерзімді пайда көруі көп жағдайда осыған байланысты болмақ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Тәжікстанның ең ірі үш сауда серіктесінің бірі болып қала беретінін жазғанбыз.