Қытай Трамп әкімшілігін өзара тарифтерден толықтай бас тартуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Сауда министрлігі АҚШ-тың смартфон секілді кей өнімдерді жаһандық өзара баж салығынан босату туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.

АҚШ президенті Дональд Трамп шығыс жағалау уақытымен 12 сәуір күні компьютерлердің, смартфондардың, жартылай өткізгіш өндірісіне арналған құрылғылардың және интегралдық тізбектердің өзара тарифтер саясаты бойынша енгізілген баж салығынан босатылғанын мәлімдеді.
Осыған байланысты ҚХР Сауда министрлігінің ресми сайты 13 сәуір күні мәлімдеме жариялады.
Мәлімдемеде АҚШ билігінің сауда серіктестеріне жоғары тарифтер енгізу туралы шешімінің орындалуын 90 күнге кідірткеннен кейін, тиісті саясатқа екінші мәрте түзету енгізіп отырғаны атап көрсетілді.
- Анығында, бұл – АҚШ-тың біржақты өзара тарифтер саясатының қателігін түзету жолында жасаған болмашы ғана қадамы, - делінді мәлімдемеде.
Министрлік АҚШ-тың әкімшілік жарлық арқылы өзара тарифтер енгізуін сынға алды.
- Бұл әрекет экономика мен нарық заңдарына қайшы және мемлекеттер арасындағы өзара пайдалы ынтымақтастық пен сұраныс-ұсыныс қатынастарын ескермеу болып саналады. Өзара тарифтер АҚШ-тың ішкі проблемасын шеше алған жоқ, керісінше, халықаралық сауда тәртібін өрескел бұзып, кәсіпорындардың өндірісі мен халықтың тұрмысына кері әсер етті. Бұл – өзгеге зиян, өзіне де жақсы емес, – делінген мәлімдемеде.
Мәлімдемеде Қытайдың тараптар арасындағы сауда қатынастары туралы ұстанымының әрқашан дәйекті екені атап көрсетілді. Қытай тарапы АҚШ-ты халықаралық қауымдастық пен елдегі сала өкілдерінің ұстамды үндеулеріне құлақ асып, өз қателігін түзету жолында нақты әрі үлкен қадам жасап, өзара тарифтер туралы ағат шешімнен толықтай бас тартуға және келіспеушіліктерді шешудің өзара құрмет пен тең құқылы диалогқа негізделген дұрыс жолына оралуға шақырды.
Бұған дейін Трамп әкімшілігінің смартфондар, компьютерлер және басқа да электроника жаһандық өзара баж салығынан босатылатынын мәлімдегені туралы хабарлаған едік.