Қытай ядролық емес сутек зарядын сынақтан өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайлық зерттеушілер құрамында ешқандай ядролық материал қолданылмайтын, сутек негізіндегі жарылғыш құрылғыны сынақтан өткізді. South China Morning Post (SCMP) газетінің хабарлауынша, «бақыланатын далалық сынақтар барысында» «жойқын химиялық тізбекті реакцияны» іске қосу мүмкін болған. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Басылым мәліметінше, бұл құрылғыны Қытайдың Мемлекеттік кеме жасау корпорациясына (CSSC) қарасты 705-ғылыми-зерттеу институты әзірлеген. Мұндай бомбаларда магний гидриді атты химиялық қосылыс қолданылады. Салмағы екі келі болатын құрылғыны сынау кезінде Цельсий шкаласы бойынша мың градустан асатын жалынды шар пайда болған.
— Кәдімгі жарылғыш заттармен іске қосылған кезде магний гидриді жылдам термиялық ыдырауға ұшырап, сутек газын бөледі, ал ол өз кезегінде тұтанып кетеді, — деп жазады газет жобаны басқарған CSSC ғылыми қызметкері Ван Сюэфэннің сөздеріне сілтеме жасап.
Құрылғы авторларының пікірінше, «мұндай комбинация жарылыстың қуатын дәл бақылауға мүмкіндік береді және кең аумаққа біркелкі соққы беруді оңай жүзеге асырады».
SCMP басылымы атап өткендей, Қытайдың Халық-азаттық армиясы бұл қаруды қолдануды жоспарлап отыр ма, жоқ па әзірге белгісіз.
Айта кетелік Қытай АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ сатып алуды тоқтатты.