Қытай жастарының салауатты өмір салтына қызығушылығы артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдағы электрондық коммерция платформаларында жастар, әсіресе жас қыздар, денсаулықты сақтау өнімдерінің басты тұтынушыларына айналған, деп хабарлайды Синьхуа.

Дәстүрлі қытай медицинасы (ДҚМ) ауруханаларында «ұлттық денсаулықты нығайтатын өнімдер», соның ішінде цукат қосылған тәтті күріш ботқасы — бабаофань, жастар арасында кең танымал. Иммунитетті күшейтетін әртүрлі өнімдер де жастар үшін «төртінші асқа» айналып келеді.
Мұндай үрдістер Қытай үшін жаңалық емес. Жас қытайлықтар денсаулыққа көбірек көңіл бөліп, жаңа сауықтыру трендін қалыптастырып жатыр.
Аға буынның денсаулықты сақтауға қатысты дәстүрлі тәсілдерінен айырмашылығы — жастар тек «ыстық су ішіп» немесе «иммуномодуляторларды қабылдап» қоймай, салауатты өмір салтын күнделікті өмірлерінің барлық саласына енгізуге тырысады.
Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Азық-түлік және фармацевтика өнеркәсібін дамыту және қадағалау ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Чжан Юнцзяньнің айтуынша, білім деңгейінің артуы, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ақпараттарға қолжетімділіктің жеңілдеуі және созылмалы аурулардың жасару үрдісі жастарды денсаулықтарына көбірек көңіл бөлуге итермелеп отыр.
Қытай өнеркәсіптік зерттеу институтының мәліметінше, 15-25 жас аралығындағы жастар денсаулықты сақтау нарығының негізгі тұтынушыларына айналған, ал бұл саладағы әдістер барған сайын әртараптандырылып келеді.
Соңғы уақытта қытайлық Вэйбо әлеуметтік желісінде «ДҚМ салонының танымалдығы сүтті шай сататын орындардан асып түсті» деген хэштег трендке айналды. Жастардың талғамын ескере отырып, кейбір ДҚМ дәріханалары сүт қосылған арнайы шайлар мен қышқыл өрік сорпасын әзірлеп, оларды шипалы тағамдармен бірге ұсына бастады.
Сычуань провинциясының (Оңтүстік-батыс Қытай) Чэнду қаласындағы Бірінші халықтық аурухана жыл мезгіліне сай ДҚМ тәсілдеріне негізделген арнайы емдік тағамдарды сатады.
— Куркума мен даршын қосылған сүтті шай жастарға қатты ұнайды, — деді аурухананың клиникалық диетология бөлімінің орынбасары Лю Янь.
Жастардың салауатты өмір салтына қызығушылығы артқан сайын, денсаулық сақтау өнімдері индустриясы да белсенді дамып келеді. iiMedia Research маркетинг агенттігінің есебіне сәйкес, соңғы бес жылда бұл нарық тұрақты түрде өсіп отыр. 2027 жылға қарай оның көлемі 423,7 миллиард юаньға (шамамен 59,1 миллиард АҚШ доллары) жетеді деп күтіледі.
— Сатып алушылар сүтті шайды таңдағанда, қант пен май мөлшері аз, құрамында не бар екені анық көрсетілген өнімдерді қалайды, — дейді Цзилинь провинциясының Чанчунь қаласындағы кондитерлік дүкен қызметкері.
Оның айтуынша, ірі брендтер пайдалы ингредиенттерді қолдануға көбірек көңіл бөле бастады, ал олардың өнімдері дұрыс тамақтануды ұстанатын жастар арасында кең сұранысқа ие.
Бұдан бөлек, ғылыми-техникалық құралдар да жастарға денсаулықты нығайтуда көмек көрсетіп келеді. Мысалы, ақылды білезіктер сияқты денсаулықты тексеруге арналған құрылғылардың кең таралуы жеке денсаулықты бақылауды жеңілдетіп, тиімділігін арттырған.
2024 жылдың бірінші тоқсанындағы мәлімет бойынша, Қытай нарығында киілетін құрылғылардың жеткізілімі 36,2%-ға өсіп, 33,67 миллионға жеткен. Кейбір ақылды сағат жүрек соғысы мен қанның оттегімен қанығу деңгейін бақылау сияқты денсаулыққа қатысты кеңейтілген функцияларға ие бола бастады.
— Денсаулықты сақтау бұрынғыдай жай кеңес емес, қазіргі жастар үшін күнделікті өмірдің саналы әрі эстетикалық бір бөлігіне айналды, — деді «Цзиньайтан» денсаулық менеджменті компаниясының бас директоры Лю Цзюнькан.
Оның айтуынша, жастар арасында денсаулықты сақтауға байланысты үш негізгі үрдіс байқалады: жеке күн тәртібін деректер негізінде реттеу, дәстүрлі емдеу әдістерін заманауи тұрғыдан қайта пайымдау және денсаулықты сақтаудың жағымды әрі тиімді тәжірибесіне басымдық беру. Бұл үрдістер елдегі денсаулық сақтау индустриясының құрылымын өзгертіп жатыр.
Бұған дейін қытайлық ойыншық өндіруші Labubu-дың нарықтағы құны «Газпромнан» асып түскенін жазғанбыз.