Қытай жер сілкінісінің салдарын жоюға спутниктер мен дрондарды жұмылдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай бейсенбі күні кешке Сицзан автономиялық ауданында болған магнитудасы 7 жер сілкінісінің салдарын жою және құтқару жұмыстарына көмектесу үшін спутниктік ресурстар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) іске қосты. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Қытай жер сілкінісінің салдарын жоюға спутниктер мен дрондарды жұмылдырды
Фото: Xinhua

Қытайдың аэроғарыштық ғылым және технологиялар корпорациясы (CASC) жұма күні табиғи апаттан кейін шұғыл байланыс орнату, аумақты түсіру және зардап шеккен өңірді бақылау үшін қажетті спутниктік ресурстарды жедел үйлестіріп, іске қосқанын мәлімдеді.

CASC дерегінше, Қытайдың Төтенше жағдайларды басқару министрлігіне, Сицзан автономиялық ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасына және елдің негізгі байланыс операторларына спутниктік интернет арқылы жұмыс істейтін жоғары өткізу қабілеті бар бірнеше шұғыл байланыс желісі ұсынылды. Қалған байланыс терминалдары апат аймағына кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр.

Жер сілкінісіне байланысты спутниктік түсірілім жасау туралы өтініштерге жауап ретінде CASC бірден Gaofen-4 және басқа да спутниктерді іске қосып, зілзала болған аумақты бақылауға алды. Бейжің уақыты бойынша жұма күні таңғы сағат 07:00-ге дейін апатқа дейін түсірілген төрт және одан кейін түсірілген үш сурет жедел әзірленіп, құтқару жұмыстары мен апат салдарын жоюға берілді.

Қытайдың авиация өнеркәсібі корпорациясының (AVIC) хабарлауынша, Wing Loong ұшқышсыз ұшу аппараты жұма күні таңертең Шигадзе қаласындағы әуежайдан жер сілкінісі болған аумаққа аттанды. Ол апат ауқымын бағалау, жағдайды бақылау және байланыспен қамтамасыз ету міндеттерін орындауға жіберілді.

Сондай-ақ 23 қазанға қараған түні Қытай Халық-азаттық армиясының әскери-әуе күштері апат аумағын әуеден бағалау үшін тағы бір ұшқышсыз аппаратты іске қосты.

Жергілікті биліктің жұма күнгі мәліметінше, бейсенбі күні Бейжің уақытымен сағат 22:33-те Сицзан автономиялық ауданының Нагчу қаласына қарасты Бачен уезінде болған жер сілкінісінен 16 адам қаза тауып, тағы 76 адам жарақат алды.

Айта кетейік, бұған дейін 22 қазан күні Қытайда 7 балдық жер сілкінісі болған еді. 

Ал кейін Тибеттегі жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 65-ке жетті.