Қытай Жердің электромагниттік өрісін бақылау үшін 3 жер серігін ұшырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың «Чанчжэн-6А» зымыран-тасығышы жергілікті уақытпен 11 мамырда орбитаға үш электромагниттік бақылаушы «Яогань-40-02» жер серігін ұшырды, деп хабарлайды Interfax.ru

зымыран
Фото: Xinhua

Жеңіл үш сатылы зымыран Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясындағы Тайюань ғарыш айлағынан ұшырылғаны атап өтілді. Ғарыш кемесі белгіленген орбитаға сәтті шықты.

Қытайдың аэроғарыштық ғылым және технология корпорациясының мәліметі бойынша жер серіктері Жердің төменгі орбитасында электромагниттік бақылауға және жаңа технологияларды сынақтан өткізуге арналған.

Ұзындығы 50 метрге дейін жететін модификацияланған «Чанчжэн-6А» экологиялық таза керосин/сұйық оттегі отынымен жұмыс істейді және 500 шақырым биіктікке дейін 6,5 тоннаға дейінгі пайдалы жүкті тасымалдауға қабілетті.

Жердің электромагниттік өрісін бақылауға арналған жер серіктерінен алынған мәліметтер ғарыштық ауа райын болжау, радиобайланыс және навигациялық жүйелерге әсер ететін ионосфералық бұзылуларды зерттеу, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлау және сейсмикалық белсенділікті бақылау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Қытай кезекті ғарыш миссиясын іске қосты.

Соңғы жаңалықтар