Қытай ЖОО-ларында грантпен оқуға құжаттар қабылдау мерзімі ұзарды
АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметаралық келісім аясында Қытайдың жоғары оқу орындарына оқуға арналған мемлекеттік гранттар бойынша құжаттарды қабылдау мерзімі 2026 жылғы 18 ақпанға дейін ұзартылды.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы 2003 жылғы 3 маусымдағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, Қытай үкіметі 2026-2027 оқу жылына ҚХР мемлекеттік стипендиясы аясында оқуға 73 білім грантын ұсынады.
Құжаттар 2026 жылғы 18 ақпанға дейін «Электрондық үкімет» (Egov.kz) порталы немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арқылы қолма-қол қабылданады.
Грант мынадай шығындарды өтейді:
– тегін оқу;
– ай сайынғы стипендия;
– медициналық сақтандыру;
– жатақханада тұру.
Ескерту: өзге шығындарды грант иегері өзі төлейді.
Конкурстық іріктеуге қатысу үшін үміткерлер Қытай стипендиялық кеңесінің сайтында онлайн тіркеуден өтуі тиіс.
2026 жылдан бастап Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындарында бакалавр дәрежесін алуға үміткер барлық шетелдік талапкерлер шетелдік студенттерге арналған академиялық дайындық тестінен (CSCA) өтуге міндетті.
CSCA онлайн емтиханына тіркелу 2026 жылғы 14 ақпан сағат 12:00-ге дейін (Пекин уақыты бойынша) жүргізіледі. Емтихан 2026 жылғы 15 наурызда өтеді.
CSCA тестілеуі туралы толық ақпарат мына сілтемеде орналастырылған.
Толық ақпарат ресми сайтта жарияланған.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда 93 мың білім гранты бөлінді.