Қытайда 550 мың «су пандасы» шабағы табиғи ортаға жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігінің мәліметінше, қолдан өсірілген шамамен 550 мың қытай бекіресінің шабағы сенбі күні елдің әртүрлі өңірлеріндегі өзендерге жіберілген, деп хабарлайды Синьхуа.

бекіре
Фото: Синьхуа

Шабақтарды су айдындарына жіберу шаралары Хубэй провинциясындағы Цзинчжоу және Ичан қалаларында, сондай-ақ елдің шығысындағы Шанхай қаласының Чунмин ауданында бір мезгілде өтті.

Іс-шара барысында мамандар мен қытай бекіресінің гендік қорын сақтау және қолдан өсірумен айналысатын ұйымдардың өкілдері пікір алмасып, бұл сирек түрді қорғау және қолдан көбейту технологияларын талқылады.

Қытай бекіресі мемлекет тарапынан ерекше қорғалатын су жануарлары санатына жатады және Янцзы өзені экожүйесінің негізгі түрлерінің бірі болып саналады. Бұл балық түрін табиғи ортаға жіберу көлемін арттыру — оның табиғи көбеюін қалпына келтіру және жабайы популяциясын қайта қалыптастырудағы маңызды қадам.

«Су пандасы» аталып кеткен қытай бекіресі Жер бетінде 140 миллион жылдан астам уақыттан бері тіршілік етіп келеді. Алайда ХХ ғасырдың соңында адам әрекетінің салдарынан Янцзы өзеніндегі бұл түрдің саны күрт азайған.

Соңғы жылдары Қытай бекірені сақтау бағытында ауқымды шаралар қабылдады. Олардың қатарында қолдан өсіру мен табиғатқа жіберу жұмыстарын кеңейту, сондай-ақ табиғи көбеюін ынталандыру бар.

Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта қолдан өсірілетін шабақтардың саны мен сапасын арттыру, оларды табиғи ортаға кең көлемде жіберу және жабайы популяцияны қалпына келтіру жұмыстары күшейтіледі.

Бұдан бұрын Атырауда Жайық өзеніне бекіренің 2,1 млн шабағы жіберілгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар