Қытайда аккордеонда синхронды ойнаудан Гиннестің жаңа рекорды орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың солтүстік-батысындағы Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында, Тачэн қаласында жексенбі күні өткен музыкалық фестивальде аккордеонда бір мезетте ойнаудан Гиннестің жаңа әлемдік рекорды қойылды, деп хабарлайды Синьхуа.

5 282 әуесқой аккордеоншы — Қытай, Ресей, Қазақстан, Италия және басқа елдерден жиналған орындаушылар — «Менің Отаным» әнінің әуенін бірге орындады.
Шара Тачэндегі аккордеон мәдениетіне арналған V халықаралық фестиваль аясында ұйымдастырылды. Аккордеонға деген сүйіспеншілік түрлі жастағы адамдарды біріктірді: ең кішісі — 5 жаста, ал үлкені — 86 жаста.
Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының президенті Мирко Патарини бұл жетістікті әлемдік аккордеон мәдениетін дамытудағы жаңа белес деп бағалап, қатысушыларды құттықтады.
Қытай композиторлар мен музыканттар одағына қарасты аккордеоншылар қауымдастығының жетекшісі Ли Цун бұл орындауға дирижерлік етті. Оның айтуынша, аккордеон — Тачэн қаласының мәдениетінің нышаны және туризмнің бірегей бейнесіне айналған.
Сонымен қатар Тачэнде 1 000-нан астам түрлі елдерде (Қытай, Ресей, Германия, Италия және т. б.) жасалған аккордеон сақталған ерекше мұражай да бар.
Бұдан бұрын Азия мемлекеттері арасында алғаш ұйымдастырылған музыкалық байқау — «Silk Way Star» Астанада өтетіні белгілі болды.