Қытайда әлемдегі ең ірі мұз және қар паркі ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі ең ірі мұз және қар паркі — 27-ші «Мұз және қардың үлкен әлемі» фестивалі 17 желтоқсанда Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясының әкімшілік орталығы Харбиндегі «Мұз қаласында» келушілерге есігін ашады, деп жазады Синьхуа.
Биыл парк аумағы бойынша рекорд орнатып, 1,2 миллион шаршы метрге жетті, ал пайдаланылатын мұз бен қардың көлемі 400 мың текше метрге жуықтады. Биыл парктің басты тақырыбы — «Мұз бен қар, ертегі әлемі».
Паркте үш негізгі ландшафттық ось: үлкен тақырыптық парад, көшедегі сахна және 5 000 шаршы метрлік жаңа үрлемелі павильон ұсынылады. Парк аумағында ақылды жарықтандыру және жасанды интеллект негізіндегі интерактивті жүйелер сияқты заманауи технологиялық элементтер қолданылады.
Фестиваль барысында бірнеше іс-шаралар жоспарланған: Харбин халықаралық мұз және қар фестивалінің ашылу салтанаты, халықаралық мұз мүсіндер байқаулары, қардағы футбол матчтары, мұздағы хоккей матчтары, сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңындағы концерттер.
Билеттерді «Мұз және қардың үлкен әлемі» фестивалінің ресми WeChat аккаунты арқылы, сондай-ақ Meituan мен Alipay сияқты басқа онлайн платформалар арқылы алдын ала сатып алуға болады. 17-23 желтоқсан аралығында ересектерге арналған жеңілдік билеттің бағасы 298 юаньға (шамамен 42 АҚШ доллары) тең болады, содан кейін стандартты баға 328 юаньға қайта оралады.
«Мұз және қардың үлкен әлемі»» фестивалінен басқа, Харбин тағы екі негізгі қысқы бағытты дамытуды жалғастырып жатыр: 1,5 миллион шаршы метр аумаққа орналастырылған Тайяндао (Күн аралы) Сунхуацзян өзеніндегі қар мүсіндер көрмесі және мұз және қар карнавалы, онда тиісінше шамамен 260 қар мүсіні және 60 мұз-қар ойын-сауық нысаны ұсынылған.
Бұдан бұрын Қытайдың Харбин қаласында 7 ақпаннан 14 ақпан аралығында өткен қысқы Азия ойындары өз мәресіне жеткен еді. Осы уақыт аралығында Харбиннен ақпарат таратқан Kazinform тілшісі Ақ Азиада кезіндегі Харбин қаласынан фоторепортаж ұсынды.