Қытайда алтын бұйымдарының бағасы рекордтық деңгейге жетті

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Қытайда алтыннан жасалған зергерлік бұйымдардың бағасы бір жылда 40,1% өсті. Бұған Қытайдың Мемлекеттік статистика басқармасының (МСБ) дүйсенбіде жарияланған мәліметтері дәлел, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қытайда алтын бұйымдарының бағасы рекордтық деңгейге жетті
Фото: pixabay

ҚХР МСБ мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында Қытайда алтын бұйымдары, үй тоқыма бұйымдары мен ойын-сауық гаджеттерінің бағасы бір жылмен салыстырғанда сәйкесінше 40,1%, 1,9% және 1,8% өсті.

Биыл мамыр айында бензин қозғалтқышы бар автокөліктер мен электромобильдер бағасы сәйкесінше 4,2% және 2,8% арзандады.

Бұл ретте 2025 жылғы мамырда қызмет көрсету бағасының 0,5%-ға өсуі байқалды, бұл өткен аймен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа артық.

Өндірушілер бағасының индексі (PPI) – тауарлар мен қызмет көрсету өндірушілері көтерме бағаларының өзгерістер көрсеткіші Қытайда 2025 жылдың мамыр айында бір жылмен салыстырғанда 3,3% төмендеді.

Инфляцияның негізгі көрсеткіші – тұтыну бағаларының индексі (СРІ) жылдық есептеуде 0,1%-ға төмендеген.

Еске сала кетсек, ҚХР үкіметі биыл тұтыну бағасы индексінің өсімін 2 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отыр. 2025 жылы Қытай билігі тұтынушылық әлеуетті арттыруға, ұзақ мерзімді тауарларға сұранысты тұрақтандыруға және қызмет көрсету саласындағы тұтынуды кеңейтуге назар аудармақ.

2024 жылдың соңына қарай елдің ЖІӨ 134,9 трлн юань (18 трлн доллардан астам) болды.

Бұған дейін француз фермері құны 4 млрд еуро болатын алтын арқауын тапқанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар