Қытайда Азия ойындарының ашылу салтанаты басталды

Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Үлкен Лотус стадионында 19-шы Азия ойындарының ашылу салтанаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорт
Фото: НОК

80 мың көрерменге арналған Үлкен Лотос стадионы Азия ойындарының басты аренасына айналады. Онда Азия ойындарының жабылу салтанаты, жеңіл атлетикадан жарыстар ұйымдастырылады.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин 19-шы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысады және ол ойындарды ашық деп жариялайды.

Биылғы Азия ойындары белгілі себепке байланысты бір жылға шегерілгені белгілі. Ендігі кезекте дүбірлі дода биыл 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді.

Сайыстар 51 жарыс алаңында өткізіледі. Бұл мақсатта 14 жаңа кешен салынды. Көптеген спорт түрінен жарысты Ханчжоу қабылдайды. Ал кейбір жарыстар Дэцин, Цзиньхуа, Нинбо, Шаосин мен Вэньчжоу сынды шағын қалаларда болады.

Биыл еліміздің атынан Ханчжоу қаласында 30 спорт түрінен 524 қазақстандық (262 ер, 262 әйел) саңлақ бақ сынайды. Оның ішінде Олимпиада бағдарламасына кіретіні 27, қалған үшеуі - олимпиадалық емес спорт түрі. Еліміз мұндай маңызды шараға өз тарихында сегізінші мәрте қатысады.

Соңғы жаңалықтар