Қытайда чикунгуньяға арналған экспресс-тест әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда чикунгунья қызбасын небәрі 30 минутта анықтай алатын жаңа сынақ жинағы жасалды, деп хабарлайды Kazinform China Daily басылымына сілтеме жасап. 

Қытайда чикунгуньяға арналған экспресс-тест әзірленді
Фото: Синьхуа

Әзірлеу жылдам сандық полимеразды тізбекті реакция технологиясына негізделген. Сарапшылардың пікірінше, ПТР-ның бұл жетілдірілген түрі күшейту процесі кезінде нақты уақыт режимінде ДНҚ мөлшерін өлшеуге мүмкіндік береді. 

Жобада Гуанчжоу зертханасы, Гуандун провинциясының ауруларды бақылау және алдын алу орталығы, Гуанчжоу сегізінші халықтық ауруханасы және бірқатар биомедициналық компания жұмыс істеді. 

Тестілеу процедурасы енді жарты сағатқа дейін созылады, оның 15 минуты сарысуды алуға және 12 минут күшейтуге жұмсалады. Салыстыру үшін, бұрын бүкіл процесс үш-бес сағатқа созылатын. 

Жүйе Гуандун провинциясының жетекші медициналық мекемелерінде 1 мыңға жуық үлгілерде сыналған және ең жақсы коммерциялық реагенттермен салыстыруға болатын жоғары дәлдік көрсетті. Зертхана сынақтың жаппай қолдануға дайын екенін және аурудың алдын алу мен бақылауда қосымша қолдау көрсететінін айтты. 

Аурудан қатты зардап шеккен Фошанда жаңа жағдайлардың саны азайып, алты күн қатарынан 150-ден төмен болды. Жағдайдың жақсарғанына қарамастан билік тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытай чикунгунья вирусын жұқтыру қаупі ең жоғары аймақтар тізімін кеңейтті. 

Соңғы жаңалықтар