Қытайда дрон операторлары мамандығының танымалдығы артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда төмен биіктік экономикасы аясында ұшқышсыз ұшатын аппараттардың операторы мамандығының танымалдылығы күн өткен сайын артып келеді, деп жазады Синьхуа.
2025 жылдың шілдесінде ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА) тобындағы ұшу жоспарлау жөніндегі маман ұлттық кәсіптер тізіміне енгізілді. Бұл қадам қарқынды дамып келе жатқан осы саланың қарқынды өсуіне жауап болды. 2024 жылдың соңына қарай елде 2,177 миллион дрон тіркелген, алайда лицензияланған операторлар саны небәрі 247 мың шамасында болды.
Ұшқышсыз аппараттар индустриясы «төмен биіктік экономика» деп аталатын стратегиялық бағыттардың бірі болып саналады. Бұл термин ҚХР-дың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының сессиясында ұсынылған үкіметтік баяндамада екі рет аталды. Болжам бойынша, 2025 жылы бұл нарықтың көлемі 210 миллиард АҚШ долларына жетіп, ал 2035 жылға қарай 490 миллиард долларға дейін өсуі мүмкін. Саланың негізгі өсу факторлары — логистика, ауыл шаруашылығы, геодезия, картография және аэроинспекциялар болмақ.
Сала дамуына қарай оны реттеу жұмыстары да жүріп жатыр. 2024 жылғы қаңтарда қабылданған «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының (БПЛА) ұшуын басқару уақытша ережелері» кіші, орта және ірі дрондарды пайдалану үшін лицензия алуды міндетті етті. Бұл осы істі оқуға деген сұранысты арттырды. 2025 жылғы 31 шілдедегі мәлімет бойынша, елде 3579 оқу ұйымы жұмыс істесе, 2024 жылдың соңында олардың саны тек 1343 болған.
Сонымен қатар, мамандандырылған білім беру жүйесі де кеңейіп келеді. Қытайда ұшқышсыз жүйелер саласында мамандар дайындайтын 523 кәсіби училище және 31 университетте жаңа оқу бағдарламалары ашылған.
Алайда оқу орындарының санының қарқынды өсуі бірқатар мәселе тудырып отыр. Олар: білікті кадрлардың жетіспеушілігі, біркелкі стандарттардың жоқтығы және курстар сапасының төмендігі.
Сарапшылар сертификаттау жүйесінің классификациясын жасау және нақты салалық қажеттіліктерге бағытталған арнайы бағдарламаларды енгізу қажеттігін ерекше атап өтуде.
Осыған дейін Қытайдың әлемдегі ең ірі күн электр станциясын салып жатқаны туралы жаздық.