Қытайда экс-шенеунік пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді

АСТАНА.KAZINFORM - Цзянси провинциясының Наньчан қаласындағы сот Шанхай партиясының тұрақты комитетінің бұрынғы мүшесі Чжу Чжисонды аса ірі көлемде пара алғаны үшін екі жылға кейінге қалдырумен өлім жазасына кесті, деп хабарлайды Синхуа.

а
Фото: Наньчан қалалық соты

Тергеу барысында айыпталушы 2003 жылдан 2024 жылға дейін қызметтік жағдайын жеке пайдасы үшін пайдаланғаны анықталды. Партиялық және мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ұйымдар мен жеке тұлғаларға бизнес жүргізуге, құрылыс келісімшарттарын, несиелер мен қаржыландыру алуға көмектескен.

Заңсыз әрекеттері үшін шенеунік жеке өзі немесе делдалдар арқылы қолма-қол ақша мен мүлік алған. Параның жалпы сомасы 139 миллион юаньнан асты, бұл 19,46 миллион долларға тең.

Сот Чжу Чжисонды екі жылға кейінге қалдырумен, саяси құқықтарынан өмір бойы айырумен және барлық жеке мүлкін тәркілеумен өлім жазасына кесті. Тәркіленген барлық сыбайлас жемқорлық қаражаты мемлекетке аударылды.

Екі жылға кейінге қалдыру жеңілдететін мән-жайларға байланысты берілді. Сотталушы кінәсін толық мойындады, өкініш білдірді және бұрын белгісіз болған сыбайлас жемқорлық істерін ерікті түрде ашты. Бұрынғы шенеуніктің белсенді ынтымақтастығы заңсыз жолмен алынған мүліктің көп бөлігін тәркілеуге мүмкіндік берді.

Қытайдың заң тәжірибесінде, егер сотталған адам екі жылдық сынақ мерзімі ішінде жаңа қылмыс жасамаса, шартты түрде өлім жазасы әдетте өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Бұл жаза болашақта үлгілі мінез-құлығына байланысты қысқартылуы мүмкін.

Бұған дейін Қытайда сыбайлас жемқорлық үшін тағы бір өлім жазасы тағайындалғаны хабарланған болатын.