Қытайда электромобильдерге арналған қуаттау колонкаларының саны қарқынды өсіп келеді
АСТАНА. KAZINFORM - Қытайда электромобильдерге арналған зарядтау құрылғыларының саны жыл сайын айтарлықтай артып келеді. Бұл туралы Синьхуа ресми деректерге сілтеме жасап хабарлады.
Биыл қараша айының соңындағы жағдай бойынша елде орнатылған қуаттау құрылғыларының жалпы саны 19,32 млн бірліктен асты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 52 пайызға жоғары.
ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының мәліметінше, қоғамдық пайдалануға арналған қуаттау колонкаларының саны бір жыл ішінде 36 пайызға өсіп, 4,63 млн бірлікке жеткен. Ал жеке меншік қуаттау құрылғылары 57,8 пайызға артып, 14,7 млн бірлікті құрады.
Сонымен қатар қараша айының соңына қарай қоғамдық қуаттау құрылғыларының жиынтық номинал қуаты 210 млн киловатқа жеткені белгілі болды.
Айта кетейік, Қытай үкіметі биыл қазан айында электромобильдерге арналған қуаттау инфрақұрылымын дамыту жөніндегі үш жылдық іс-қимыл жоспарын жариялаған болатын. Құжатқа сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 300 млн киловаттан асатын, ел аумағын қамтитын 28 млн қуаттау құрылғысынан тұратын ұлттық желі қалыптастыру көзделіп отыр.
Қытайлық жүргізушісіз таксилер Еуропада алғаш рет Лондонда сыналады.