Қытайда ең ірі айналмалы электр жеткізу желісі салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі күні Қытайда елдегі ең ірі шөл – Тарым ойпатының айналасында ұзындығы 4 197 шақырым болатын аса жоғары кернеулі айналмалы электр жеткізу желісінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Синьхуа.

электросети
Фото: Kazinform

Бұл жоба Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының оңтүстігіндегі инфрақұрылымды дамытудағы маңызды кезең болып саналады.

750 кВ кернеуде жұмыс істейтін бұл желі елдегі осы сипаттағы ең ауқымды жобалардың бірі болып отыр. Ол тоғыз қосалқы станция мен 10 мыңға жуық болат тіректен тұрады. Жобаны жүзеге асырған – Қытайдың ұлттық State Grid электр желілері корпорациясының құрамына кіретін Синьцзян бөлімшесі.

Аталған желінің құрылысы 15 жылға созылған. Компанияның мәліметінше, оны 2025 жылдың қараша айында толықтай іске қосу жоспарланып отыр.

Тарым ойпатында әлемдегі екінші ірі жылжымалы құмды шөл – Такла-Макан шөлі орналасқан. Ғасырлар бойы бұл өңірде құмды дауылдар оазистерге қауіп төндіріп, аймақтың дамуына кедергі келтіріп келген.

Ресми тұлғалар мен сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Синьцзянның оңтүстік бөлігін дамытуға серпін беріп, бүкіл ел бойынша жаңа энергия көздерін қамтамасыз ете алады.

Электр желісі құмды шөлден бастап Куньлунь тауларына дейінгі алуан түрлі ландшафты бойлай өтеді.

Жобаның жетекшісі Ли Цзюньнің айтуынша, құрылыс материалдарын тасымалдау үшін 50 метрлік құм төбелерін кесіп өтетін жолдар салынған. Ал таулы аймақтарда болат тіректердің шамамен 3 000 тонна компонентін жеткізу үшін арқан жолдары пайдаланылған.

Қоршаған ортаға, әсіресе жергілікті шөл өсімдіктеріне әсерін азайту мақсатында инженерлер тіректердің биіктігін өзгертіп, маршрутқа түзетулер енгізген. Сонымен қатар, 480 мың шаршы метрден астам аумаққа шөппен тоқылған арқан торлар арқылы құм бөгеттерін төсеу жоспарланып отыр. Бұл – Қытайда құм көшкінін тоқтату үшін кеңінен қолданылатын әдіс, деп түсіндірді Ли Цзюнь.

Бұдан бұрын Қытайдағы ең ірі теңіз газ кен орнының екінші кезеңі пайдалануға берілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар