Қытайда қанша этнос бар
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда ресми түрде 56 ұлт бар. Этникалық қытайлардың, яғни ханьдардың халық санындағы үлесі 90 пайыздан кем емес, сондықтан ханьнан өзге 55 халық Қытайда этникалық азшылыққа жатқызылып, аз ұлттар деп аталады. Қытай халқының қазіргі этникалық құрамы қалай анықталды? Қытайда халықтарды классификациялау мен біріктіру қалай жүргізілді? Мойындалмаған немесе өзге ұлттардың құрамына енгізілген этникалық азшылықтар бар ма?

Қытай Халық Республикасы құрылудың қарсаңында, 1949 жылы қыркүйек айында, Бүкілқытайлық саяси консультативтік кеңесінің бірінші пленарлық сессиясында қабылданған және уақытша конституция қызметін атқарған «Ортақ бағдарлама» жаңа биліктің ұлт саясатының негізгі бағыттарын айқындады. Бағдарламада «Қытайдағы барлық ұлт тең құқылы және береке-бірлік пен өзара жәрдем қағидаларын ұстанады», «Аз ұлттар тығыз қоныстанған аймақтарда ұлттық аумақтық автономия іске асырылуға тиіс» деп атап көрсетілді.
Мемлекеттілікті нығайту және биліктің іргетасын беріктеу мақсатында 1950-1952 жылдары ҚКП Орталық комитетінің атынан елдің оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс, оңтүстік-орталық, солтүстік-шығыс және солтүстік өңірлеріндегі ұлттық аймақтарға арнаулы делегациялар жіберіліп, жаңа өкіметтің ұлт саясаты насихатталды. Әр бағыттағы делегация халықтарды классификациялау мәселесінің зәрулігіне көз жеткізіп қайтты. Өйткені, ғасырлар бойы езгіге ұшырап, ірі халықтардан қақпай көріп келген, ресми билік дербес ұлт ретінде мойындаудан бас тартқан немесе ұлт мәртебесін жасыруға мәжбүр болған этникалық топтар жаңа биліктен тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді талап еткен-тұғын.
1953 жылы Қытайда алғашқы жалпы халық санағы өтеді. Нәтижесінде ел бойынша 400-ден астам этноним тіркеледі. Бір ғана Юньнань провинциясында 260-тан астам этностық бірлік өздерін дербес ұлт ретінде мойындауды сұраған еді. Осыған байланысты халықтарды жіктеу, топтастыру және біріктіру жұмысы ұлт саясатының ең өзекті әрі шұғыл шешілуге тиіс мәселелерінің біріне айналады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қытай үкіметі елдегі этникалық азшылықтардың үлесі басым аймақтарға ұлттанушы ғалымдар мен ұлт істері жөніндегі мамандардың үлкен тобын жіберіп, этностық бірліктердің атауы, шығу тегі, таралу аймағы, тілі мен жазуы, шаруашылық өмірі, психологиялық ерекшелігі, әлеуметтік тарихы секілді аспектілер бойынша жан-жақты зерттеу, талдау жұмыстарын жүргізеді. Осы негізде «этностық бірліктердің қалауы мен еркіне сай», олардың этникалық құрылысын анықтап, этностық атауын нақтылайды.
Бір ескерер жайт, Қытайда халықтардың классификациясы Сталиннің ұлт туралы анықтамасына сәйкес іске асырылды. Атап айтқанда, этникалық топтар ортақ тіл, ортақ территория, ортақ экономикалық өмір мен психикалық ерекшелік бойынша жіктелді немесе біріктірілді. Әсіресе «біртұтас мәдениет» арқылы көзге түсетін ортақ психологиялық ерекшелікке басымдылық берілді.

Жалпылай айтқанда, Қытайда халықтарды классификациялау мен біріктіру жұмысы үш кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – 1950-1954 жылдар. Бұл кезеңде хань ұлтынан басқа 38 этникалық топ ресми түрде дербес ұлт деп танылды. Олардың қатарында ескі билік тұсында дербес ұлт мәртебесіне қол жеткізіп үлгерген моңғол, хуэй (дүнген), тибет, ұйғыр, мяо, яо, и, чосончок (кәріс), маньчжур халықтарынан бөлек, чжуан, буи, дун, бай, қазақ, хани, дай, ли, лису, ва (кава), гаошань, дунсян (сарта), наси, лаху, шуй, цзинпо (качины), қырғыз, ту (монгор), тәжік (памирлықтар), өзбек, татар, эвенкі, баоань, цян, салар, орыс, сибо (сібе), юғыр (сарыұйғыр), орочон халықтары болды.
Осы кезеңде Қытайдағы халық саны ең көп ұлттық азшылық – чжуанның дербес халық ретінде анықталуы айтарлықтай маңызға ие болды. Осы шешімнің негізінде 1958 жылы елдің оңтүстік аймағында Гуанси чжуан автономиялық регионы құрылды. Сондай-ақ, ескі билік өз алдына жеке халық деп ұйғарған тараншылар ұйғырдың этникалық құрамына енгізілді.
Екінші кезең – 1954-1965 жылдар. 1954 жылы Қытай билігі Юньнань провинциясына арнаулы жұмыс тобын аттандырып, өңірдегі 260-тан астам этностық бірліктің мәселесі бойынша зерттеу жүргізді. Жіті және жедел жүргізілген жұмыстың нәтижесінде, этностық бірліктердің азшылығы хань ұлтының құрамына енгізілсе, көпшілігі (ұзын саны 3 миллионнан асады) чжуан, и, хани, бай, дай халықтарының тармақтары мен шағын топтары деп танылды. Сөйтіп, бірінші халық санағында өз атауымен тіркелген 260-тан астам этникалық топ 22 этносқа топтастырылды.
Сол жылы елдің солтүстік-шығыс аймағын мекен еткен даурлар (дағұр) моңғол халқының этникалық құрамынан шығарылып, дербес ұлт ретінде танылды. Шығыс Түркістан өлкесінің Тарбағатай аймағында тұратын солаң этникалық тобы даур ұлтының құрамына біріктірілді.
1964 жылы өткен екінші жалпы халық санағында 183 этноним тіркелді. Оның ішінде 74 этностық бірлік өзге халықтармен біріктірілді. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ондаған этникалық бірлік дербес халық ретінде мойындау талабынан ерікті түрде бас тартты. Осылайша тағы 14 этникалық топқа ұлт мәртебесі берілді, олар: туцзя, шэ, мулао (буцзян), булан, гэлао, ачан (хачан), пуми (пэйми), ну, дэан (палауң), цзин (кинь немесе вьет), дулун, хэчжэ (нанай), мэньба (монба), маонань (айнань).
1965 жылы лоба этникалық тобына ұлт мәртебесі берілді.
Үшінші кезең – 1978-1990 жылдар. Елдегі он шақты жылға созылған саяси толқулардан кейін халықтарды классификациялау жұмысы 1978 жылдан кейін қайта жанданды. 1979 жылы цзино (юлао) этникалық тобы жеке халық санатына қол жеткізді. 1981 жылдан кейін Гуйчжоу провинциясында халықтар классификациясы бойынша тағы да ауқымды зерттеу жүргізіліп, этникалық тегі анықталмаған жүздеген мың адам хань, мяо, маонань халықтарының құрамына енгізілді. 1985 жылы Алтайдың күнгей бетін жайлайтын туваларды дербес халық ретінде тану мәселесі көтерілді. Бірақ, арнаулы комиссия тувалар «өз алдына жеке халық болып қалыптаса алмаған» деп ұйғарып, тиісті өтінішті қабылдамай тастады. 1990 жылғы жалпы халық санағынан кейін елде 56 ұлт (этникалық топ) бар деген тұжырым ресми ұстаным болып қалыптасты.
2020 жылы өткен санақтың нәтижесіне сәйкес, Қытайда 1 млрд 443 млн халық тұрады. Ресми мәлімет бойынша, халықтың 91,11%-ы - хань, 8,89%-ы - ұлттық азшылықтар. Алайда, бейресми мәліметтер бойынша, Қытайда ұлты белгісіз азаматтардың ұзын саны 850 мыңнан асады. Олардың қатарында халық саны өте аз немесе тілі бар да жазуы жоқ, немесе іргелес халықтардың сіңіп кеткен, сондықтан дербес ұлт ретінде мойындалмаған шағын этникалық топтардың өкілдері және Қытай азаматтығын қабылдаған шетелдіктер бар. Ал егер биліктің ұлттарды жіктеу немесе біріктіру жөніндегі шешімімен келіспейтін, басқаша айтқанда, өзіне мәжбүрлі таңылған этнонимді мойындамайтын адамдар тобын қосар болсақ, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Статистикалық деректерде олар биліктің қалауымен хань немесе аз ұлт есебінде тіркеледі.
Қазіргі күнде Қытай аумағында дербес халық ретінде мойындалмаған 65 шағын этностық топ өмір сүреді. Олардың басым көпшілігі елдің оңтүстік бөлігінде, өте-мөте Гуйчжоу және Юньнань провинцияларында тұрады.

Чуаньциндер. Чуаньцин этнонимінің мағынасы – қаракөк киімділер. Олар негізінен Гуйчжоу провинциясының шеткері таулы аймақтарын мекен етеді. 2000 жылғы дерек бойынша, халық саны - 670 мың. Халық саны бойынша олар елдегі мойындалмаған ең ірі этникалық топ болуы мүмкін. Қытайлық ғылыми қауымдастық чуаньциндерді XIV-XV ғасырларда елдің оңтүстік аймағына қоныс аударған этникалық қытайлардың ұрпағы деп санайды, бірақ олар өздерін қытай ретінде мойындамайды. Қытай үкіметі оларды хань ұлтының құрамына жатқызады, бірақ кей жағдайда олардың этникалық азшылықтарға берілетін «артықшылықтарды» пайдалануына рұқсат етеді. Олардың жеке куәлігінде ұлты чуаньцин деп көрсетіледі.
Васяндар. Оңтүстік Қытайдағы Ю өзенінің алқабында орналасқан. Халық саны - шамамен 400 мың. Васян тілінде сөйлейді. Олардың киім үлгісі, ас-суы, тұрғын үйі, шаруашылық өмірі көршілес халықтардан айтарлықтай бөлектеніп тұрады. Алайда, олар халық санағында мяо, туцзя немесе хань деп тіркеледі.
Бунулар. Ресми ұстаным бойынша, яо халқының бір табы. Халық саны 400 мыңнан асады. Буну тілі яо тілінің ең ірі диалекті деп есептеледі. Гуйчжоу провинциясының таулы аймақтарына таралған.
Линьгаолықтар. Қытайдың Хайнань провинциясының Линьгао ауданының негізгі тұрғындары. Чжуан немесе тай тіліне жақын линьгао диалектінде сөйлейді. Халық саны - шамамен 800 мың. 1980 жылы олардың этникалық құрамы жайлы дау туындап, ақырында хань ұлтының құрамына енгізілген.

Мосолар. Елдің оңтүстік аймағын мекен еткен шағын этникалық топ. Юньнань мосолары наси халқына жатқызылады. Ал Сычуаньда олар моңғол деп тіркелген. Халық саны 40 мыңнан кем емес. Күнделікті өмірде наси тілін тұтынады. Ламаизмды ұстанады. Матриархаттық қоғамның қалдығын сақтаған. Мосолар биліктен өздерін жеке халық ретінде тануды ұзақ жылдар бойы табанды түрде талап етіп келеді.

Керулер. 1953 жылға дейін дербес халық ретінде танылып келген керулер Сычуань провинциясының Аба тибет-цян автономиялық облысының аумағында қоныстанған. 1954 жылы тибет ұлтының құрамына енгізілген. Халқ саны - шамамен 150 мың. Цян тіліне жақын керу тілінде сөйлейді.
Муялар. Сычуань провинциясының Кандин, Цзюлун өңірлеріне таралған. Цян тіліне жақын муя тілін қолданады. Олар Шыңғысхан талқандаған Таңғұт елінің түстікке қарай ығысқан шағын тобының жергілікті халықтармен араласуынан пайда болған деген болжам айтылады. Олар өздерін боба, яғни тибет деп атайды. Бірақ тибеттер оларды бөтен, жат халық санап, муняк деп атайды. Халық саны - шамамен 100 мың.

Эрсулар. Сычуань провинциясының Ганьло ауданындағы тау қойнауларын мекен етеді. Эрсу – ақ, боз деген сөз. Халық саны - шамамен 20 мың. Қытай үкіметі оларды тибет халқының бір тармағы деп санайды. Бірақ, олардың тілі, өмір салты тибеттерден мүлде өзгеше. Олар ламаизмды ұстанбайды. Табиғатқа табынып, тасқа сыйынады. көкекті тотем тұтады. Шығу тегі белгісіз. Өзара эрсу тілінде сөйлеседі. Суретпен салынатын пиктографиялық жазу қолданған.
Бұлардан өзге ресми билік дербес ұлт ретінде мойындаудан бас тартқан, мысалы қытайлық еврейлер, жапон диаспорасы, макандар (Макаода туған тегі португал азаматтар), ұтсылдар (Оңтүстік-шығыс азиялық тям халқының ислам дінін ұстанатын бөлігі), томандар (моңғол тілінің араб-парсы сөздері араласқан өзгеше диалектінде сөйлейтін шағын мұсылман халқы) т.б. этностық топтардың халық саны өте аз болғандықтан, тілге алмадық. Дегенмен, біздің оқырмандар үшін қызықты болуы мүмкін мынадай бірнеше дерекке арнайы тоқталғанымыз жөн секілді.
Қытайдың Алтай аймағындағы атақты Қанас көлінің бойын қоныс тұтқан тувалардың ұзын саны 3 мыңның айналасында. Олар жартылай көшпенді. Қытай үкіметі оларды моңғолдың бір руы есебінде тіркейді. Жергілікті автономиялық құрылымы – Қом-қанас моңғол ұлттық ауылы. Күнделікті өмірде түркі тілдеріне жататын тува тілін қолданады, мектепте моңғол тілінде білім алады, қазақ және қытай тілдерін қоса меңгерген.
Шынжаң ұйғыр автономиялық регионының Ақтау ауданында ұзын саны 5 мыңнан аз емес түрікмендер тұрады. Памир жотасының терең қойнауындағы Ойтақ және Құсырап ауылдарында тұратын бұл түрікмендер ресми статистикада қырғыз немесе ұйғыр деп жазылады. Өздерінің айтуынша, арғы аталары Самарқаннан. Мал шаруашылығымен айналысады.
Ұйғырлар құрамына енетін келесі бір субэтникалық топ - Эйнулар. Нақты саны белгісіз, он мыңнан кем емес деген меже айтылады. Ұйғырлар оларды абдалдар деп кемсіте атайды. Хотан, Қарақаш, Лоп, Яркенд, Янгигисар өңірлеріне бытырай қоныстанған. Егін және мал шаруашылығымен, қолөнермен, сондай-ақ қайыршылықпен айналысады. Исламның шиттік бағытын ұстанады. Өзара эйну тілінде сөйлеседі. Бұл тілдің ерекшелігі: грамматикасы түркі тілдеріне жақын, бірақ сөздік қорында иран тілдерінің үлесі басым. Эйнулардың шығу тегі жұмбақ. Кей зерттеушілер оларды ежелгі эфталиттердің жұрнағы деп санайды.

Бүгінгі күнде ұйғырдың бір тармағына жатқызылатын кериялықтар Керия ауданының Дәриябойы ауылында тұрады. Саны - шамамен 1300. Олар туралы алғаш хабарлаған ғалым - Гедин Свен Андерс. Кериялықтырдың өмір салты ұйғырлардан өзгешелеу. Шығу тегі белгісіз.

Сондай-ақ, Қытайдың қиыр шығысындағы Хэйлунцзян провинциясының Фуюй ауданында Хуюр қырғыздары немесе алты аталы қырғыз деп хатқа түскен өзгеше этникалық топ өмір сүреді. Қытай үкіметі оларды қырғыз халқының этникалық құрамына жатқызады. Жергілікті моңғолдар оларды ойрат деп атайды. Өз ішінен табын, ғапқан, ічік, сандыр, белтір, ғырғыс аталарына бөлінеді. Соңғы зерттеулер олардың қырғыз емес, ертеректе Енисей бойынан жер аударылып барған хакастар болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Қазіргі күнде өз тілін ұмытқан. Ұзын саны 1500 шамасында.
Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық өлкесінің батыс алқабындағы Алша аймағына қарасты Шығыс Алша ауданында өмір сүретін және шартты түрде «моңғол мұсылмандары» деп аталып кеткен өзгеше этникалық топ туралы бұған дейін жазған едік.