Қытайда қанша тіл бар

Өткен желтоқсан айының соңғы күндері Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитеті түзету енгізілген «Жалпымемлекеттік тіл мен жазу туралы ҚХР заңының» жаңа нұсқасын қабылдады. Аталған заң 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді.

Қытайда қанша тіл бар
Фото: Pexels

«Қытай жастары» басылымының жазуынша, тіл мен жазу нормаларын реттеуге бағытталған алғашқы заң ретінде, онда путунхуа (жалпыхалықтық қытай тілі) мен нормативтік иероглифтердің (жеңілдетілген қытайлық таңбалар жүйесі) жалпыға бірдей ұлттықтіл мен жазу ретіндегі құқықтық мәртебесі нақты бекітіліп, қолданылу тәртібі айқындалған.

Заңның жаңа нұсқасы 5 тарау, 32 баптан тұрады. Заңнамалық мақсат ретінде «Қытай ұлтының ортақ қауымдастығы туралы танымды нығайту жәнеҚытай мәдениетіне сенімді бекемдеу» қағидаты айрықша тілге алынған. Заңда путунхуа мен нормативтік иероглифтердің жалпымемлекеттік тіл мен жазу ретінде бүкіл ел аумағында заңды түрде қолданылатыны нақтыланған. Сонымен қатар заңда азаматтардың жалпымемлекеттік тіл мен жазуға байланысты құқықтарын қорғауға бағытталған баптар енгізіліп, азаматтардың жалпымемлекеттік тіл мен жазуды үйренуі мен қолдануына ешқандай ұйым немесе жеке тұлғаның кедергі келтіре алмайтыны нақты көрсетілген. Заңға сәйкес әр жылдың қыркүйек айының үшінші аптасы жалпымемлекеттіктіл мен жазуды насихаттау аптасы болып жарияланды.

Қытайда қанша тіл бар
Фото: Pexels

Сарапшылардың пікірінше, мәселеге бағытталу мен практикалық дамуға бейімделуді басшылыққа алған заңның жаңа нұсқасы жалпымемлекеттік тіл мен жазудың құқықтық мәртебесін көтеруге, жалпыға бірдей тіл мен жазуды насихаттауға, оның қолданыс аясын кеңейтуге, үздік дәстүрлі мәдениетті сақтау және дамытуға, елдің тұтастығы мен ұлттың бірлігін қорғауға, Қытай ұлтының ортақ қауымдастығы туралы танымды нығайта түсуге серпін беріп, берік құқықтық кепілдік ұсынады.

Осындайда Қытайда сірә қанша тіл бар, елдегі тіл экологиясы қандай күйде деген қызықты сұрақ туындары даусыз. Бүгінгі жазбамызда осы сауалғажауап іздейміз.

Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Этнология және антропология институтының дайындауымен 2008 жылы Бейжіңде жарық көрген «Қытайдағы тілдер» атты еңбекте атап көрсетілуінше, елде өмір сүретін 56 этнос жалпы 129 тіл қолданады екен (өзге бір дереккөздерде 130-дан асады деп көрсетілген). Бұл тілдер, әлемдік классификацияға сәйкес, қытай-тибет тілдері, алтай тілдері, австронезия тілдері, австразия тілдері, үнді-еуропалық тілдер, аралас тілдер және типологиясы анық емес тілдер болып бөлінеді.

Қытай-тибет тілдері

Қытай-тибет тілдері өз ішінен төрт тіл тобына бөлінеді: қытай тілдері, тибет-бирма тілдері, дун-тай тілдері, мяо-яо тілдері.

1) Қытай тілдері

Шығыс Азияда өмірге келген аналитикалық тілдердің бір тармағы. Ол этникалық хань ұлтының ана тілі әрі қытай-тибет тілдері жүйесінің қолданушысы ең көп әрі құрылымы ең күрделі тармағы. Егер қытай тілінің диалектілерін, айтарлықтай айырмашылығына қарамастан, бір тілдің жергілікті нұсқалары ретінде қарастырарболсақ, қытай тілі жер жүзінде қолданушысы ең көп ана тіл болып саналуға лайық. Қазіргі кезде жаһанхалқының шамамен бестен бірі қытай тілін ана тілі немесе екінші тіл ретінде тұтынады.

Қытай тілі байтақ кеңістікке қанат жайған. Негізгі таралу аймағы – Қытай Халық Республикасының бүкіл аумағы, сондай-ақ Оңтүстік-шығыс Азияныңбірқатар өңірлері. Бұған қоса, Солтүстік Америкада, Еуропада және Океанияда тұратын қытай диаспоралары да бұл тілді кеңінен қолданады.

Қытай тілінің жіктеліміне қатысты ғылымда бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарас қалыптасқан. Бірінші көзқарас бойынша, қытай тілі біртұтас тіл болып саналады да, оның құрамына енетін тармақтар бірінші деңгейлі диалектілер ретінде қарастырылады. Екінші көзқарас қытай тілін тілдер тобы ретінде түсіндіреді, нақтырақ айтқанда, түрлі диалектіде сөйлейтін адамдардың ауызша түсінісуі қиын болғандықтан, бұтарланған тармақтар жеке тіл тармақтары, ал тіл тармақтарына кіретін жергілікті говорлар біртұтас жазу жүйесі – қытай иероглифтері арқылы біріктірілген дербес тілдер ретінде қарастырылады.

Жалпылай айтқанда, қытай тілдері екі ірі аймаққа бөлінеді. Біріншісі – күрделі тонды диалектілер аймағы (мандариндік емес аймақ), оған Гуандун, Фуцзянь, Цзянси, Тайвань, Чжэцзян провинциялары толықтай, Хунань провинциясының басым бөлігі, сондай-ақ Гуанси, Аньхой, Цзянсу, Шэньси, Шаньси, Ішкі Моңғолия провинцияларының бір бөлігі кіреді. Екіншісі – оңай тонды диалектілер аймағы(мандариндік аймақ). Оған елдің бірінші аймаққа кірмейтін барлық өңірі тән.

Екі ірі тілдік аймақтан тұратын қытай диалектілері өз ішінен 17 шағын аймаққа (8 мандариндік, 9 мандариндік емес), 97 диалектілік тармаққа бөлінеді.

Мандариндік тілдер құрамына Солтүстік-шығыс Қытай, Бейжің, Цзи–Лу, Цзяо–Ляо, Орталық Қытай, Лань–Инь, Цзянхуай және Оңтүстік-батыс Қытай мандариндері кіреді. Ал мандариндік емес аймақта цзинь, у, минь, хакка, юэ, сян, гань, хуэй және пинхуа-ту тілдері қолданылады.

Атап өтер бір жайт, Қытайда жалпымемлекеттік тіл ретінде бекітілген путунхуа Бейжің мандаринінің дыбыстық жүйесіне сәйкес Солтүстік Қытай говорлары негізінде қалыптасқан. Ол қазіргі қытай әдеби тілі мен ауызекі тілінің грамматикалық үлгісі ретінде қолданады. Басқаша айтқанда, Путунхуа қытайлықтардың бүкіл ел аумағында өзара қарым-қатынас жасауына арналған жалпыхалықтық тіл болып табылады. Юань, Мин және Цин әулеттерінің билігі тұсында (1271-1911 жж.) Бейжің (Ханбалық деп те аталған) қаласының империя астанасы ретінде қызмет етіп, жергілікті говордың ресми тіл ретінде қолданылуы оның жалпыхалықтық тіл мәртебесіне қол жеткізуіне саяси-институционалдық негіз қалағаны дау тудырмайды.

Қытайда қанша тіл бар
Фото: Pexels

2)Тибет-бирма тілдері

Қытай аумағында 17 этникалық азшылық тибет-бирма тілдерінде сөйлейді, олар: тибет, мэньба, лоба, и, наси, хани, лису, лаху, цзино, туцзя, бай, цян, пуми, качины (цзинпо), дулун, ну, ачан. Дегенмен, бұл халықтардың кейбіреулері екі немесе одан да көп тілді қатар қолданады. Осыған байланысты Қытайда тибет-бирма тілдерінің жалпы саны 47-ге жетеді. Өз ішінен тибет, цян, цзинпо, и, бирма және бай тармақтарына жіктеледі.

3) Дун-тай тілдері

Дун-тай тіл тілдері Қытайдың оңтүстік өңірлерінде және Оңтүстік-Шығыс Азияда аймағында таралған, жалпы 20 тілге жіктеледі. Іштей чжуан-дай, дун-шуй, ли және гэян тармақтарынабұтақталады.

4) Мяо-яо тілдері

Мяо-яо тілдері мяо тармағы (мяо, буну, пахнг, унай, юно, киоңнай, пана, ше тілдері) мен яо тармағына (өз ішінен 9 диалектіге бөлінеді) тұрады.

2. Алтай тілдері

Географиялық жағынан алтай тілдерінің үш тобы шығыстан батысқа қарай ретімен, бірізді жайылған.Нақтырақ айтқанда, маньчжур–тунгус тілдері Солтүстік-Шығыс Азияға, моңғол тілдері Солтүстік Азияға, ал түркі тілдері Орталық және Батыс Азияаймақтары мен Шығыс Еуропаға таралған. Қытай туралы айтар болсақ, алтай тілдері елдің солтүстік-шығысынан батыс-солтүстігіне дейінгі ұланғайыр аумаққа ірге жайған.

1) Түркі тілдері

Қытай аумағында түркі тілдеріне тән ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек, татар, салар, тыва, батыс юғыр, түрік және хакас (солтүстік-шығыс қырғыз тілі)тілдері қолданылады. Бұлардың соңғы екеуі қазіргі күнде, өкінішке қарай, жойылып бара жатқан тілдер қатарында, себебі, бірен-саран жасы ұлғайған кісілер болмаса, жас буын бұл тілдерді түсінбейді, қолданбайды. Мысалы, түрік тілін Іле қазақ автономиялық облысының Нылқы, Күнес, Текес, Тоғызтарау, Моңғолкүре аудандарына тарыдай шашылған, өздерін түрік деп атайтын өзгешеэтникалық қауымдастық қолданған. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, арғы аталары шамамен XVIII ғасырдың соңына қарай Орталық Азиядағы Ош, Шымкент, Қорғанбазар, Созақ, Сұлтанауат өңірлерінен қоныс аударып барған екен. ҚХР құрылғанға дейін бұл қауымның түйеші, жындылар, герегуру, япалақбаш, қарақұлақ, қарамойын, қарақоныс, қарақалпақ, келлер, қысықкөз, қалақша, құбақалмақ деген руларға бөлінгені айтылады. 1982 жылғы статистика бойынша, осы тілдесөйлеушілердің ұзын саны 200-ге жетпейді.

2018 жылғы ресми дерекке сәйкес, Қытайда түркітілдес халықтардың жалпы саны 12 млн-нан асады. Түркі тілдері Шынжаң өлкесі мен Ганьсу, Цинхай (Көккөл) провинцияларының кей өңірлеріне, Ішкі Қытайдағы Хунань провинциясының Таоюань ауданының аумағына таралған.

2) Моңғол тілдері

Қытайдағы моңғол тілдеріне моңғол, дағұр, шығыс юғыр, монгор, саната (дунсян), баоань, канцьзя тілдері жатады. Кейбір зерттеушілер моңғол тілдерін шығыс және батыс тармақтарға бөліп қарастырады. Ішкі Моңғолия, сондай-ақ, Цзилинь, Ляонин, Хэйлунцзян, Шыңжаң, Цинхай, Ганьсу провинцияларының кей аймақтарында моңғол тілдері қолданылады, бірақ, қолданушыларының нақты саны белгісіз. Алтыншы ұлттық халық санағының мәліметтері бойынша, Қытай аумағында жалпы 6 млн-ға жуық моңғол тұрады, ал Орталық ұлттар университетінің 2024 жылғы дерегі  бойынша, моңғол тілін күнделікті қолданатындар санышамамен 2 млн 740 мың адам ғана.

3) Маньчжур–тунгус тілдері

Өз ішінен маньчжур және тунгус тармақтарына жіктеледі. Қазіргі күнде Қытайда маньчжур, сібе, эвенкі, орочон, нанай тілдері ғана сақталған.Айтылған тілдерде сөйлеушілердің топаны өте аз, ресми дерек бойынша, ұзын саны 46 мыңнан аспайды. Маньчжурлар мен нанайлардың көпшілігі ана тілін мүлде ұмытқан. 

3. Австразия (Оңтүстік Азия) тілдері

Оңтүстік азиялық тілдер тобына Қытайда ва, палауң, булан, кхму, манмет, ман, бит, бугэн, ху, болю, вьетнам (цзин), буман тілдері жатады.Бұлардың ішінде соңғы үшеуі вьет тармағына, қалғандары мон-кхмер тармағына жатқызылады. Айтылған тілдерді қолданушылардың дені Юньнань провинциясында тұрады.

4. Австронезия тілдері

Малай-полинезия тілдері деп те аталады. Батыста Африканың іргесіндегі Мадагаскардан шығыста Чилиге қарасты Пасхаға, солтүстікте Тайвань менГавайдан оңтүстікте Жаңа Зеландияға дейінгі ірі-ұсақ аралдарға таралған. Қытайда австронезия тілдеріне Тайваньдағы жергілікті этникалық азшылықтарқолданатын 15 тіл, сондай-ақ Хайнань провинциясы Санья қаласының Хуэйхуэй және Хуэйсиньауылдарының ұлты дүнген тұрғындары қолданатын хуэйхуэй тілі жатқызылады.

5. Үнді-еуропа тілдері

Қытайда үнді-еуропа тілдеріне саркөлі (ресми дереккөздерде тәжік тілі деп көрсетіледі) және орыс тілдері тән. Иран тілдері тобына жататын саркөлітілі Шынжаң өлкесіндегі Тасқорған тәжік автономиялық үйезінде қолданылады. Ал орыс тілін қолданушылардың қатары селдіреген, олар негізінен Үрімжі, Тарбағатай, Іле өңірлерінде тұрады.

6. Типологиясы анық емес тілдер

Қытайда корей тілі тілдік жүйесі толық анықталмаған дербес тіл ретінде қарастырылады.2010 жылғы дерек бойынша Қытайда жалпы 1.8 млн-нан астам корей тұрады. Олар елдің солтүстік-шығысындағы Цилинь, Хэйлунцзян, Ляонин провинцияларының аумағындағы Туманган, Амноккан, Муданьцзян, Сунгари, Ляохэ және Хуньхэалаптарын мекен етеді.

7. Аралас тілдер

Қытай – көпұлтты, көптілді мемлекет. Сондықтан, тарихи даму үдерісінде түрлі этностардың өзара байланысының нәтижесінде тілдер арасындағы ықпалдастық та үнемі ілгері жылжып отырған. Әрине, Кең ауқымды тілдік контактілерден өзге, екі немесе бірнеше тілдің ұзақ уақыт бойы өзара жақын байланыста болуы мен қатар қолданылуы нәтижесінде бастапқы форматынан айтарлықтай алшақтап, жаңа тіл ретінде қалыптасуы, оқшау болса да, бар құбылыс. Қытайда осындай жолмен пайда болған аралас тілдерге утунь(қытай, тибет және моңғол тілдерінің қоспасы), танван (саната және қытай тілдерінің қоспасы), лао(қытай және тибет тілдерінің қоспасы), чжаба (тибет және цян тілдерінің қоспасы), ей (қытай және чжуан тілдерінің қоспасы) және айни (ұйғыр және парсы тілдерінің қоспасы) тілдері жатады.

Қытайда қанша тіл бар
Фото: Pexels

Қытайда қолданылатын жазулар туралы айтар болсақ, Білім министрлігінің мәліметінше, елде шамамен 30-ға жуық жазу жүйесі бар. Қытай иероглифтері қытай тілін таңбалауға ғана қолданылмайды, сонымен бірге, бірқатар этникалық азшылықтар да жазба тілдерін таңбалауға иероглифтерді пайдаланады. ҚХРқұрылғанға дейін 21 этникалық азшылықтың өзжазуы болған. Ал коммунистер билікке келгеннен кейін, биліктің бастамасымен чжуан, буи, и, мяо, хани, лису, наси, дун, ва, ли, ту, цян және басқа да бірқатар халықтар үшін арнайы жазу нұсқалары әзірленді.

Қытайдағы жазулар типологиялық жағынан идеографиялық, логографиялық, фонемалық және буындық жазулар; ал әліпби жүйелері бойынша ежелгі үнді, көне ұйғыр, араб және латын әліпбилеріболып жіктеледі.

Қытайда қанша тіл бар
Фото: Pexels

Әрине, жазу тілдің түпкілікті қорғаны емес. Қарқынды жаңғыру мен урбандалу үдерісіндеҚытайдағы тілдер мен аймақтық-этникалық мәдениеттер бұрын-соңды болмаған ауқымдыөзгерістерге, жойқын қысымға дөп келіп отыр. «Beijing Daily» басылымының дерегі бойынша, соңғы жылдары Қытайда әсіресе қолданушылар саны аз тілдер мен диалектілердің жойылу қаупі күрт күшейген. Тілдік-мәдени мұраларды дер шағында тиімді сақтау, қорғау мәселесі қазіргі Қытай үшін шұғыл шешімге зәру өзекжарды міндетке айналып отыр. Басылым ұсынған статистикалық деректерге сәйкес, Қытайда68 тілдің қолданушысы 10 мыңға, 48 тілдің қолданушысы 5 мыңға, 25 тілің қолданушысы мыңға жетпейді. Кей тілдерді білетін, түсінетін адамның қарасы он шақты ғана, сондықтан, ол тілдертолықтай жойылуға шақ қалып тұр. Басылымның дерегінше, бірқатар қытай диалектілері мен ұлттық тілдерде сөйлейтіндердің қатары жылдам сейіліп, құнды тілдік-мәдени ресурстар көз ілеспес жылдамдықпен жойылып барады және бұл мәселе уақыт өткен сайын күрделене түсуі ықтимал.

Айтылған проблеманың өзектілігі мен қиындығынан болар, Қытайдың Білім министрлігі мен Тіл және жазу жұмысы жөніндегі мемлекеттік комитеттің бастамасымен 2015 жылы Бүкілқытайлықтілдік ресурстарды қорғау жобасы жүзеге асырыла бастаған. Жобаға сәйкес, ел аумағында тілдікресурстарды зерттеу, сақтау, демонстрациялау жәнетиімді пайдалану бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.

Өткен жылы Қытайда қанша этнос  бар екені туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар