Қытайда Қазақстанның мәдени орталығын ашу жұмысы басталды - Аида Балаева
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Ол бүгінде елімізде 7 600 мәдениет ұйымы жұмыс істейтінін, онда 58 мыңнан астам маман қызмет ететінін айтты. Олардың қатарында 3 890 кітапхана, 57 театр, 231 мұрағат, 275 музей, 2 994 мәдени-демалыс орталығы, 113 кинотеатр, 36 концерттік ұйым және 4 цирк бар.
- Қазақстанда мәдениет саласында ұлттық руханият пен мәдени-тарихи мұраны халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Маңызды бастамалардың бірі — Qazaq Culture атты ақпараттық платформаның іске қосылуы. Бұл платформа әлем жұртшылығына халқымыздың бай әрі қайталанбас мәдениетін таныстырады. Ол БҰҰ-ның алты ресми тілімен қатар, қазақ және түрік тілдерінде де қолжетімді.
2024 жылы тоғыз республикалық ұйымға «Ұлттық» мәртебе беріліп, олардың қызметкерлерінің жалақысы 1,75 есеге артты, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан беделді халықаралық көрмелер мен мәдени жобаларға белсенді қатысуды жалғастырды. Мысалы, 60-шы Венециялық биенналеде алғаш рет қазақстандық павильон ашылып, отандық суретшілердің жұмыстары көрсетілді.
Франциядағы Гиме музейінде «Қазақстан: Ұлы даланың жауһарлары» атты ауқымды көрме өтті.
Қытайдың Тяньцзинь қаласында «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі ұйымдастырылса, ҚР Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің «Әсем ханшайым» картинасы экспозицияға қойылды.
Халықаралық мәдени байланыстарды нығайту бағытында 2024 жылы Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстан мәдениетінің күндері өтті. Сонымен қатар, елімізде Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Саха Республикасы мәдениет күндері ұйымдастырылды.
Ашхабадта Құрманғазы мен Абайға, Душанбе мен Қазанда Абайға ескерткіштер орнатылды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында және Димаш Құдайбергеннің екі күндік концертімен қоса, 16 ірі концерт өткізілді.
- Жас таланттар да еліміздің беделін көтеруге өз үлесін қосуда: 255 қазақстандық өнерпаз 17 елде өткен халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды.
Жамбыл атындағы филармония жанынан «Қазақконцерт» базасында Классикалық гитаристер квинтеті мен «Бірлік» ансамблі құрылды.
ҚХР және Қазақстан президенттері ШЫҰ саммитінде мәдени орталықтар ашу туралы ұсыныс білдіріп, үкіметаралық келісімге қол қойды. Қытайда Қазақстан мәдени орталығын ашу жұмысы басталды.
2025 жыл – идеологиялық және тарихи тұрғыдан маңызы зор жыл. Жеңістің 80 жылдығына арналған 2000-нан астам іс-шара жоспарланған. Сонымен қатар, «Батырларға тағзым» онлайн платформасы әзірленді. Онда марапаттау парақтары, сарбаздардың хаттары мен естеліктері жинақталған. 6 кітап пен фотоальбом жарық көріп, «Алия» көркем фильмі, 80 бейнеролик, 17 деректі фильм мен сериал түсірілді, - деп атап өтті Аида Ғалымқызы.
Ол «E-архив» ақпараттық жүйесін енгізу жалғасып жатқанын жеткізді. Бұл жүйе негізгі архивтік үдерістерді автоматтандырып, азаматтарға тарихи құжаттарға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Ұлттық архив қорының 10%-ы, яғни 2 млн 654 мың 404 сақтау бірлігі цифрландырылды.
Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы (ҚазНЭБ) 80 465 электрондық құжатпен толықтырылып, 64 тілді қамтиды. 2025 жылғы сәуір айында контент қаралымы – 595 549, авторлар рұқсат берген кітаптардың жүктелуі – 322 861. ҚазНЭБ-ке 77 елден 70 721 қолданушы тіркелген.
2025 жылы елімізде Конституцияның 30 жылдығы, Абайдың 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Міржақып Дулатовтың 140 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтеді.
Түркістанда Хожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеуге арналған халықаралық симпозиум өтті. Оған 15 елден 100-ден астам ғалым қатысты.
- Мәдениет қызметкерлері күніне орай III Халықаралық музейлік конгресс өткізіліп, «Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі» порталы іске қосылады. Онда ерекше мәдени нысандардың 3D модельдері ұсынылады.
Көрмелер мен мәдени күндер Қытайдың Шаньдун провинциясында, Өзбекстанда, Францияда, Арменияда, Қатарда және Вьетнамда өткізіледі.
Қазақстанда ресейлік және француз суретшілерінің көрмелері өтуде. Мемлекеттік мәдени мекемелердің гастрольдері мен халықаралық фестивальдер де күн тәртібінде тұр. Театрларда 300-ден астам жаңа қойылым сахналанбақ, - деді министр.
Құттықтау мәтінінде кинематография саласының да дамып келе жатқаны айтылады. «Кинематография туралы» заңға түзетулер енгізіліп, «Қазақфильмге» қолдау көрсетілуде. Идеологиялық маңызы бар жобаларға басымдық беріліп, қаржыландыру тетіктері қайта қаралды.
2024 жылы мемлекеттік қолдаумен 16 ұлттық фильм түсірілді, оның 7-еуі 34 халықаралық жүлде иеленді.
Отандық фильмдердің көрсетілімдегі үлесі – 22,97%, қазақ тіліндегі фильмдер үлесі – 19,76%.
Түркі елдерінде «Қазақ хандығы», «Дос-Мұқасан», «Набат операциясы», «Паралимпиец» фильмдері көрсетілді.
Алматыда өткен XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде 11 елден 50 фильм ұсынылды.
«E-Кино» жүйесі әзірленіп жатыр. 2025 жылы 357 анимациялық, деректі және көркем фильмге өтінім түсіп, сараптама жүріп жатыр.
- Тарихи-мәдени мұраны сақтау бағыты да назардан тыс қалған жоқ. «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, халықаралық көрмелерді бюджеттен субсидиялау және мұра нысандарын пайдалану тәртібі нақтыланды.
Елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген, оның 265-і республикалық, 12 мыңы жергілікті маңыздағы ескерткіштер.
2024 жылы «Беташар» дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді.
«Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» және «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» жобалары бойынша ЮНЕСКО-ға досьелер тапсырылды.
Арнайы ведомствоаралық топ құрылып, үш жылдық кешенді жоспар бекітілді.
Орталық Азия елдерінің бірлескен сандық мәдени мұра платформасын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Қазақстан музейлерінің ғылыми әлеуетін арттыру үшін Астанадағы Ұлттық музей базасында реставрация және маман даярлау орталығы ашылады. Онда Италиядан келген үздік мамандар тартылмақ, - делінген құттықтауда.
Министрдің пайымынша, мәдениет — тек марапат пен көрме ғана емес. Бұл — кең көлемдегі инфрақұрылымды, инженерлік жүйелерді, энергия мен су көздерін қамтитын үлкен шаруашылық. Бұған кейде мән бермей жатамыз.
- 2024 жылы өңірлерде 45 нысан жөнделіп, 255 жаңа мекеме салынды.
2025 жылы 51 нысанды жөндеу және 250 жаңа мәдениет нысанын салу жоспарланған.
Ұлттық деңгейдегі ірі жобалар да басталды: Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай реконструкция жүргізілмек, сондай-ақ Наталья Сац атындағы балалар театры да қайта жаңартылады, - деді министр.
Айта кетейік, кеше Президент мәдениет саласындағы бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.