Қытайда Құрылтай сайлауының учаскелері ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай сайлауында дауыс беруге арналған учаскелер Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде, сондай-ақ Шанхай, Сиань және Гонконгтағы ҚР бас консулдықтарында ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.
Бейжің уақыты бойынша сағат 07:00–де сайлау комиссияларының мүшелері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындап, сайлау учаскелерінің жұмысын салтанатты түрде бастады.
Қытайдың төрт қаласында дауыс беру Астана уақытымен сағат 04:00–ден 17:00–ге дейін, ал Бейжің уақытымен 07:00–ден 20:00–ге дейін өтеді. Дауыстарды санау және дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасау жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00–де басталады.
Дауыс беруге Қытай аумағында тұратын немесе уақытша жүрген Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 7 саяси партияның тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.