Қытайда материалдық емес мәдени мұраның қазақ уәкілдері анықталды — шетелдегі қазақ баспасөзі

шолу
Фото: freepik.com

«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Цинхай-Сицзан тасжолының бойында тибет бөкендері мен жабайы есектері жайылып жүр

—  «Халық газеті»

Цинхай-Сицзан тасжолының шығысы Цинхай өлкесінің Синин қаласынан басталып, батысы Сицзан автономиялық регионының Лхаса қаласынан аяқталады.

Цинхай-Сицзан тасжолының бойында тибет бөкендері сияқты жабайы жануарлар жайылып жүр.

Бұл туралы осы аптада қытайлық «Халық газеті» басылымы хабарлайды.

тибет бөкендері
Фото: «Халық газеті»

Аталған БАҚ-тың дерегінше, жол бойындағы көрініс көздің жауын алады. Онда жайлауды, тұзды көлді, қағыр даланы, қарлы тауларды, шөлдерді көруге болады. 20 ақпан күні тілші Цинхайдың Голмуд қаласынан жолға шығып, Сицзанға кіріп, Куньлунь тауы, Кэкэсили, Саньцзянюань, Яньшэпин, Тангула таулары және басқа жерлерді басып өткен. Жол бойы Цинхай-Сицзан тасжолының жағасынан жайылып жүрген тибет бөкендерін, тибет қара құйрықтары және тибет жабайы есектерін кездестірген.

Қытайда материалдық емес мәдени мұралардың қазақ мұрагерлері анықталды — CNR

Қытайдағы материалдық емес мәдени мұралардың мемлекет дәрежелі уәкілдерінің есімдері белгілі болды. ҚХР Мадениет және саяхат министрлігі 19 ақпан күні мемлекет дәрежелі материалдық емес мәдени мұралардың уәкілдік жалғастырушысы деп көрсетілгендердің тізімдігін жариялады.

Бүкіл ел бойынша аталған тізімдікке 958 адам енгізілді.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» хабарлады.

мұра
Фото: Орталық халық радиосы

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, бұлардың арасында Шыңжаңнан қазақ мақал-мәтелдерін жаңғыртушы Қуан Нарынбайұлы, қазақ терме өнерінің мұрагері Нұрсара Әтейбекқызы, қазақтың ұлттық ат спорт түрінің бірі болған қыз қуар ойынының мұрагері Күлән Зейтінерқызы. Сондай-ақ қазақ кестешілік өнерінің мұрагері атанған Гүлназ Жанымқанқызы қатарлы 23 адам мемлекет дәрежелі материалдық емес мәдени мұралардың мұрагерлері қатарынан орын алған.

Моңғолияда қыс басынан бері кемінде 660 000 бас мал шығынға ұшырады — «Жэньминь жибао»

Моңғолияның Төтенше жағдайлар жөніндегі бас басқармасының мәліметі бойынша, биылғы қыста Моңғолияда жауған қар жылдық орташа мөлшерден 1,6 есе көп болып, соңғы 50 жылдағы ең қалың қар жауған жыл болды, деп жазады қытайлық «Жэньминь жибао».

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Моңғолияның Ұлттық метеорологиялық және қоршаған ортаны бақылау бюросы 20-шы күні хабарлағандай, 2023 жылы қыс мезгілі басталғалы бері елдегі орташа жауған қар 1975 жылдан бергі ең жоғары рекордты құрады.

Моңғолияның Ұлттық метеорологиялық және қоршаған ортаны бақылау бюросының мәліметтері көрсеткендей, қыс басталғалы елдегі орташа жауған қар мөлшері 9,6 миллиметрге жеткен, бұл жылдық орташа жауған қардан 1,6 есе көп.

Елдің 190-нан астам округі мен астанасы Ұланбатырдың екі ауданы көктемгі өндірісте күрделі қиындықтарға тап болды.

Моңғолияда сирек кездесетін қақаған аяз жүріп, қарлы боран соққан. Қазіргі уақытта бүкіл елдің 80%-дан астам жері қалың қармен қымтанып жатыр. Мал шаруашылық райондарының жол қатынасы негізінен қиындыққа тап болуда.

Тағы бір хабарландыруға қарағанда, елде аз дегенде 13 мың 500 малшы отбасы мал шаруашылық районынан шыға алмай қамалып қалған. 38 мың 400 километр жолды қалың қар басып жатыр екен.

«Моңғолияның орталық және шығыс бөлігіндегі Кент, Сух-Батор, Шығыс және Шығыс Гоби провинцияларында, сондай-ақ орталық және батыс бөлігіндегі Гохангай провинциясында апаттардың ауыр екені белгілі. Толық емес статистикаға сүйенсек, елімізде қыс басталғалы бері кемінде 660 мың бас мал шығынға ұшыраған», деп жазады қытайлық БАҚ.

қыс
Фото: mp.weixin.qq.com

Айта кетейік, Моңғолия — дүние жүзіндегі көшпелі дәстүрін әлі күнге дейін сақтап келе жатқан елдердің бірі, ал мал шаруашылығы — ол елдің маңызды тірек саласы. Моңғұлия мемлекеттік статистика комитеті жариялаған санды мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың соңында осы елдің қолда бар мал саны 64 миллион 700 мың бас болған.

Қыз-келіншектерді заманауи мамандықтарға үйрету үшін «Қыздар академиясы» платформасы іске қосылады — «ӨзА»

2024 жылдың 21 ақпанында Өзбекстан Республикасы Президентінің «Өзбекстан-2030» стратегиясын «Жастар және бизнесті қолдау жылы» іске асыру туралы жарлығы қабылданды. Аталған жарлыққа сәйкес, жас қыз-келіншектерді кәсіпкерлік, маркетинг, графикалық дизайн сынды заманауи мамандықтарға үйрететін «Қыздар академиясы» алаңы іске қосылмақ, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі. 

мамандық
Фото: uza.uz

Өзбекстандық басылымның дерегінше, аталған қаулыға сәйкес, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап «Ёшлар дафтари» («Жастар дәптері») қорының қаражатын жастарды шет тілдері мен кәсіпке оқыту мақсаттарына бағыттау тәжірибесі жолға қойылады. Жастарды заманауи кәсіпке баулуға арналған «Ұстаз» арнайы платформасы іске қосылып, бастапқы кезеңде 250 мың жас осы платформа арқылы қамтылады.

«Сондай-ақ, жас қыз-келіншектерді кәсіпкерлік, маркетинг, графикалық дизайн сынды заманауи мамандықтарға үйрететін „Қыздар академиясы“ алаңы іске қосылмақ. Осы арқылы жас қыз-келіншектер үшін түрлі байқаулар, жобалар, оқу-жаттығу жиындары, тағылымдамалар ұйымдастырылады», деп жазады «ӨзА».

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстанда 2023 жылы 21 мыңнан астам егіз сәби туған» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2023 жылы республикада 962 мың тірі туған нәресте тіркелген. Оның ішінде 21 мың 12 егіз сәбилер. 

егіз
Фото: pyxabay.com

Жазба соңында әр аймақтағы туған егіздердің санын жариялаған.

Қазақстан астығын Иранға экспорттауды қалпына келтірмек— «Parstoday»

Қазақстан «FREEDOM SKY TRADING FZCO» компаниясымен Иранға қазақстандық астықты жеткізуді қалпына келтіру туралы келіссөздер жүргізуде, деп хабарлайды Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі. 

Аталған басылымның «dairynews»-ке сілтеме жасап хабарлауынша, өнімдерге арпа, жемдік бидай және жүгері кіреді. Бұл келіссөздер осы ауылшаруашылық тауарларын су және құрлық жолдары арқылы Иранға тасымалдау саласында ынтымақтастық орнатуды мақсат етеді. Бұл компания өкілдерінен алынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстаннан Иранға астық жеткізу тоқтатылды. Бұған себеп Иранның Ресейден астық сатып алуға басымдық беруімен, әсіресе Ресей федерациясы өнімдерінің бағасы төмендегеннен кейін болған.

Айта кетейік, Қазақстан мен Иран арасында бидай мен арпа сияқты ауыл шаруашылығы тауарлары саласында бұрыннан келе жатқан сауда қарым-қатынастары бар. Қолайлы нарықтық конъюнктураны ескере отырып, астық экспортының тұрақты процесін құру елдер арасындағы сауданы дамытудың маңызды аспектілерінің бірі болып табылады.

Түрікмен ақынының 300 жылдық мерейтойы Қазақстанда тойланды — TRT

Түрікменнің ұлы ақыны, ойшылы Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай мерекелік іс-шара Қазақстанның елордасы Астана қаласында өтті.

Түрікменстанның Қазақстандағы Елшілігі тарапынан ұйымдастырылған іс-шараға ғалымдар, дипломаттар, өнер қайраткерлері және студенттер қатысты, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.

көрме
Фото: trt.net.tr

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Түрікменстанның Қазақстандағы Елшісі Батыр Режеповтың айтуынша, Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына арналған іс-шара ел ішінде де, шет мемлекеттерде де кең көлемде аталып өтілуде. Қазақ ақыны, әрі ағартушысы Абай Құнанбаев пен Мақтымқұлы Пырағының ортақ тұстары көп.

Осы аяда Түрікменстанның астанасы Ашхабадта Абай атамыздың ескерткіші, ал Астанада Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші орнатылған.

Шарада Түрікменстаннан келген әншілер ақынның өлеңдеріне жазылған әндерін орындаған.

Еске алу жиынының соңында Мақтымқұлы Пырағының қазақ тіліне аударылған өлеңдер кітабы Қазақстанның Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығына тапсырылды.

 

Соңғы жаңалықтар