Қытайда нөсер жауынға байланысты «көк» деңгейдегі ескерту ұзартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы сенбі күні елдің кейбір өңірінде жалғасып жатқан қатты жауын-шашынға байланысты «көк» деңгейдегі ескерту шараларының мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытайдағы нөсер
Фото: Синьхуа

Метеорологтардың болжамы бойынша сенбі күні таңғы 08:00-ден жексенбі күні таңғы 08:00-ге дейін Хэбэй, Шаньдун, Хэнань, Цзянсу, Аньхой, Хубэй, Хунань, Чжэцзян, Юньнань, Гуандун, Хэйлунцзян провинцияларында және Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында қатты жауын жауады деп күтіліп отыр.

Мамандар атап өткендей, Цзянсу провинциясының солтүстігінде тәуліктік жауын-шашын мөлшері 150 мм-ден асып кетуі мүмкін.

Ұлттық метеорологиялық орталық жергілікті билік органдарына нөсер жауынға дайын болуды және қала аудандары мен ауыл шаруашылығы жерлерінде суды ағызу бойынша тиісті шараларды қабылдауды ұсынды.

Айта кетейік, Қытайда қолданыстағы ауа райына байланысты ескерту жүйесі төрт деңгейден тұрады: ең жоғары қауіп – қызыл түс, одан кейінгі деңгейлер – қызғылт сары, сары және көк.

Еске салып өтсек, қатты және толассыз жауған жаңбыр мен өзендердің жоғарғы ағысынан келген су көлемінің артуы салдарынан Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясының екі уезінде күшті су тасқыны болды. Сейсенбі күні сағат 14:30–дағы мәлімет бойынша Жунцзян және Цунцзян уездерінде тиісінше 48 900 және 32 000 адам уақытша эвакуацияланды.

Қытай билігі су тасқынынан зардап шеккен Гуйчжоу провинциясына 100 млн юань бөлгені белгілі болды.

Екі күн бұрын Гуйчжоу провинциясында тасжол көпірі құлап, жүк көлігінің жүргізушісі қираған көпірде ілулі тұрған көлік кабинасында қалып қойғанын хабарлаған едік.

Кейіннен табиғи апат салдарынан алты адамның қаза болғаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар