Қытайда пиротехникалық өнімдердің қауіпсіздігіне бақылау күшейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігі пиротехникалық бұйымдардың қауіпсіздігін қатаң бақылау үшін арнайы тексеру топтарын жібереді. Бұл туралы ведомство хабарлады, деп жазады Синьхуа.
Сәрсенбі күні Төтенше жағдайларды басқару министрлігі мен ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету комитетінің кеңсесі бірлескен отырыс өткізді. Жиында пиротехникалық өнімдерді өндіру, тасымалдау, сату және пайдалану кезеңдерінің барлығында бақылауды күшейту, сондай-ақ халықтың қауіпсіздік мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру қажеттігі айтылды.
Көктем мерекесі (Қытай Жаңа жылы) мен Шамдар фестивалі кезінде отшашу мен петардаларды қолдану шарықтау шегіне жетеді. Бұл кезеңде қауіпсіздік тәуекелі де арта түседі. Осыған байланысты жергілікті билікке бөлшек сауда орындары мен дүкендерде қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп, қауіптің алдын алу тапсырылды.
Қоймада тауарды шамадан тыс жинақтау немесе дүкен сыртында сату сияқты қауіпті әрекеттердің жолын кесу қажет екені атап өтілді. Сондай-ақ дүкен ішінде темекі шегуге және ашық от пайдалануға қатаң тыйым салынатыны ескертілді.
Бұдан бөлек, пайдаланылмай тұрған ғимараттар мен қоймаларда пиротехникалық өнімдердің заңсыз сақталуын болдырмау үшін күшейтілген тексерулер жүргізіледі.
Еске салсақ, Қытайда пиротехникалық бұйымдар дүкенінде жарылыс болып, 12 адам көз жұмғаны хабарланды.