Қытайда толассыз жауын-шашын жол қозғалысын бұзып, су тасқыны қаупін арттырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында жауған нөсер жауын автокөлік жолдарындағы қозғалысты қиындатып, су тасқыны қаупін күшейтті, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытайдың оңтүстігінде толассыз жауын-шашын жол қозғалысын бұзып, су тасқыны қаупін арттырды
Фото: Синьхуа

Осыған байланысты жергілікті билік төтенше жағдайға ден қою шараларын мықтап қолға алды.

Провинцияның көлік департаментінің мәліметінше, сейсенбі күні сағат 17:00–дегі жағдай бойынша қатты жауын салдарынан үш учаскеде жылдамдықты автомагистраль, алты учаскеде республикалық және провинциялық маңызы бар тасжол, сондай-ақ 25 ауылға апарар жолы жабық тұр.

Зақымданған жолдарды қалпына келтіру үшін апаттық-құтқару бригадалары жіберілді.

Метеорологиялық және гидрологиялық болжамдар жауынның жалғасатынын және өзендердегі судың көтерілуін ескерткеннен кейін, сейсенбі күні сағат 14:00–де Гуандун провинциясында су тасқынына қарсы әрекет ету деңгейі 4 сатылы жүйенің екінші деңгейіне дейін көтерілді.

Сағат 10:00–дегі жағдай бойынша провинциядағы 16 өзенде су деңгейі қауіпті шектен асып кеткені белгілі болды.

Синоптиктердің болжамынша, Гуандун провинциясының кейбір аудандарында жаңбыр 6 тамызда да жауады, бірақ 7 және 8 тамызда біртіндеп бәсеңдейді.

Сонымен қатар, Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында да үш гидрологиялық станцияда су деңгейі қауіпті межеден асып түсті. Аймақтың гидрологиялық қызметінің мәліметінше, Нанькан өзеніндегі Нанькан станциясы 2017 жылдан бергі ең жоғары су тасқынын, ал Улайхэ өзеніндегі Синьлун станциясы 2018 жылдан бергі ең жоғары деңгейдегі суды тіркеген.

Осыдан бұрын Бейжіңде нөсер жауынға байланысты 82 мыңнан астам адам эвакуацияланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар