Қытайда тұратын қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан Азиада алтынына таласады
Қытайда туып, бокстан сол елдің намысын қорғап жүрген қандасымыз - Тоқтарбек Таңатқан бүгін Ханжчоудағы Азия ойындарының финалында алтынға таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

80 келі салмақта бақ сынап жүрген қазақ баласы жартылай финалда жастар арасында 2022 жылы өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, өзбекстандық Турабек Хабибуллаевты 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді Тоқтарбек Азиада алтыны үшін филиппиндік боксшы Эумир Феликс Марсьяльмен қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, қытай намысын қорғап жүрген қандасымыз финалда сүрінген жағдайдың өзінде күміс медальдан бөлек Париж олимпиадасының жолдамасын да қанжығалап тұр.
Тоқтарбек Таңатқан бұл жарыстың 1/8 финалында қазақстандық Нұрбек Оралбайды жарыс жолынан шығарып тастаған болатын.
Алайда, ол Өзбекстан астанасында өткен 2023 жылғы әлем чемпионатында финалға дейін сүрінбей жеткенімен, шешуші сында Оралбайға ұтылып, күміс жүлдегер атанған.

Естеріңізге сала кетейік, Тоқтарбек Таңатқан қытайдағы қазақтар жиі қоныстанған Алтай аймағы Алағақ қалашығына қарайтын Таралаң деген ауылда 1996 жылы 18 қарашада қарапайым отбасында дүниеге келген.
Тоқтарбек Таңатқан 2017 жылы қазан айында бокстан қытайдың ұлттық құрамасына қабылданған.
Ол Қытайдың мемлекеттік ұлттық құрамасына қосыла сала бірден 75 келі салмақта бақ сынайды. Кейіннен ұлттық құрама бапкерлері оны Токио Олимпиадасына дайындауға кіріседі.
Бұл орайды мүлт жібермеген Тоқтарбек Олимпиада ойындарына жолдама сарапқа салынған додада көздегеніне жетіп, жаһандық додаға қатысуға мүмкіндік алады.
Өкінішке қарай, Токио төрінде Тоқтарбектің бағы жанбады.
Айтпақшы, Тоқтарбек Токио Олимпиадасына дейін «Қытайдың бокс королі» атағын 2017, 2019, 2020 және 2021 жылдары төрт рет жеңіп алды.
Бұл — Қытайдың өзі ішінде ғана өтетін ең беделді жарыстардың бірі. Сыйақысы да қомақты.
Тоқтала кететін жайт, Тоқтарбек — Қытай қазақтары арасындағы боксшылардан Олимпиада ойындарына қатысқан екінші қазақ баласы.
Одан бұрын кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қытай туы астында 2004 жылы Афина Олимпиадасына қатысқанын, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қанжығасы қола медальмен «майланғанын» білеміз.

Міне, осы Қанаттан кейін Қытайдағы қандастар арасынан Тоқтарбек екінші рет Олимпиада ойындарына қатысқан боксшы болды.
Бүгін Азиада ойындарында тағы да келесі Париж олимпиадасының жолдамасын жеңіп алып отыр.