Қытайда ұялы телефон нөмірі 440 000 долларға сатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда өте сирек кездесетін және символдық мәнге ие ұялы телефон нөмірі — 15177777777 — рекордтық бағаға сатылды.

телефон
Фото: PhotoMIX Company/Pexels

Нөмір Ali Auction онлайн сауда алаңында 3,2 миллион юаньға немесе шамамен 440 000 АҚШ долларына сатып алынды, деп хабарлайды Kvedomosti.ru

Бұл нөмірді елдің ең ірі телекоммуникациялық операторларының бірі China Mobile ұсынады. Ол кіл 7 санынан тұратындықтан, Қытайдағы «бақытты сандар» тізімінде 12-ші топқа кіреді. Дәстүрлі қытай мәдениетінде 7 саны сәттілік пен табыстың символы болып саналады.

Бір қызығы, нөмірді сатып алған адам оны меншік ретінде емес, 20 жыл пайдалану құқығымен алады. Келісімшарт бойынша ол ай сайын 1500 юань (шамамен 206 доллар) төлейді.

Сонымен қатар, бұл нөмірді басқа адамға ресми түрде беру мүмкіндігі 5 жылдан кейін ғана пайда болады. Келесі рәсімдеу үшін кем дегенде 5 жыл күту керек.
Сатып алушының аты-жөні жарияланбады, бірақ сарапшылар мұндай эксклюзивті нөмірлер Қытайда беделдің, әлеуметтік мәртебенің және байлықтың символы ретінде жоғары бағаланады дейді. Нөмірге ие болу көбінесе беделді тұлғалар немесе ірі компаниялар үшін инвестиция ретінде қарастырылады.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда ұялы телефон нөмірі 84,7 мың долларға сатылғаны жайлы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар