Қытайда заңсыз кен орны опырылып, бес адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың оңтүстік-батысындағы Юньнань провинциясында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру кезінде кен орны опырылып, бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Синьхуа.
Жергілікті биліктің мәліметінше, оқиға жексенбі күні таңғы сағат 04:30 шамасында Хуэйцзэ уезіне қарасты Нагу кентінің Байу ауылында болған.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция, өрт сөндірушілер, денсаулық сақтау және табиғи ресурстар саласының мамандары жұмылдырылды.
Құтқарушылар үйінді астында қалған алты адамды шығарып, ауруханаға жеткізген. Алайда зардап шеккендердің бесеуі алған жарақаттарынан көз жұмды. Бір адамның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен опырылудың себептері анықталып жатыр.
Осыған дейін хабарланғандай, Ақмола облысындағы шахтаны заңсыз қазған екі адам қаза тапты.