Қытайда жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны биыл шамамен 5% болады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚХР жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсу қарқыны 2024 жылы 5% деңгейінде белгіленді. Бұл туралы сейсенбі күні елдің жоғарғы заң шығарушы органының жыл сайынғы сессиясының ашылуында таратылған Қытай үкіметінің баяндамасында айтылды.
«Биыл келесі негізгі даму көрсеткіштері жоспарланған: ЖІӨ өсімі шамамен 5% болады» делінген құжатта.
Жұмыссыздық деңгейі 5,5% деңгейінде сақталады, 12 млн-нан астам жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған.
Тұтыну бағасы индексінің өсімі (инфляция) шамамен 3% деңгейінде болжанды.
Астық өндіру көлемі 650 млн тоннадан астам деңгейде сақталады.
Айта кетейік, 5 наурызда Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы жыл сайынғы сессиясын бастады.
Ашылу салтанаты Тяньаньмэнь алаңындағы халық залында өтті.